Қазақстанда былғары өндірісі екі есе қысқарды

Ал Ресей, Қытай және өзге елдерге ірі қара малының өңделмеген терісінің экспорты көбейді

Қазақстандағы былғары өнеркәсібі биыл айтарлықтай құлдырады. 2023 жылдың қаңтар–қыркүйегінде 2022 жылдың алғашқы үш тоқсанымен салыстырғанда ірі қара малы терісінің өндірісі 55,8% төмендеді. Өңдеушілер 54,8 млн ш. дм өнім шығарғанын хабарлады (2022 жылы қаңтар–қыркүйекте — 123,9 млн ш. дм). Бұл тоқырау былғары өнеркәсібінің соңғы жылдары қол жеткізген шағын табыстарын жоққа шығарды. Былтыр сектордағы өндірістің максималды қарқыны тіркелді: 144 млн ш. дм.

Алайда тері илеушілердің сәтсіздігі аяқ киім өндірушілердің жұмысына ешқандай әсер еткен жоқ. ҚР СЖРА Ұлттық статистикалық бюросының деректеріне сүйенсек, биыл алғашық тоғыз айда 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аяқ киім өндірісі біршама көбейген (7,4%). Фабрикалар мен зауыттар 1,2 млн жұп аяқ киім шығарды. Жылдық тұтынуы 40 млн жұпты құрайтын Қазақстан үшін бұл өте аз. Елімізде аяқ киім өндірісі неліктен 20 жыл бойы тоқтап қалғаны туралы бұрын жазғанбыз. Осы кезеңде физикалық мәндегі жылдық өндіріс көлемі ешқашан 1,8 млн жұптан аспады.

Жалпы, былғары және былғарыға жататын өнім өндірісі құндық мәнде тұрақты оң динамика көрсетеді. 2023 жылдың алғашқы үш тоқсанында былғары өңдеушілер мен былғары бұйымдарын өндірушілер 11,7 млрд теңгенің өнімін шығарды, көрсеткіш бір жылда 11,1% өскен.

«QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ мамандарының мәліметтеріне сүйенсек, жеңіл өнеркәсіпте тері өнеркәсібінің үлесі аз: небәрі 8,4%. Ақшалай есептегенде негізгі өнім — киім, тоқыма және кілем өнімдері: 2023 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында 127,9 млрд теңге болды.

Кедендік статистиканың көрсеткіштері былғары шикізатының экспортының өсуі аясында Қазақстанда тері шикізатын терең өңдеу тоқырауда деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Қазақстандық фермерлер тері шикізатының бір бөлігін отандық тері өңдеу зауыттарына бермей, шетелге жөнелткенді жөн көреді. 2023 жылы қаңтар–тамызда ірі қара мен жылқы терісі шикізатының экспорты бірден 3,4 мың тоннаны құрап, жылдық мәнде 72,9% өсті. Негізгі сатып алушы — Ресей. Ұсақ малдың терісі шикізаты да сыртқа кетіп жатыр. Өзбекстанға 8 мың дана иленбеген шикізат жөнелтілді. Былтыр бұл өнім экспортталмаған.

Өңдеу кәсіпорындары, керісінше, былғары өнімдерінің өңделген шикізатының экспортын азайтты. Мысалы, ірі қара мал терісінен иленген былғары немесе былғары қыртысының (беті өңделмеген) экспорты 43,7% төмендеді. 2022 жылдың қаңтар–тамызында Қытай, Үндістан, Түркия және Италияға 4,3 мың тонна жартылай фабрикат жөнелтілді, биыл сегіз айда небәрі 2,4 мың тонна жөнелтілді. Ұсақ малдың өңделген терілері де азырақ жөнелтілді: экспорт көлемі 25% төмендеді.

Қазақстанның тері өнеркәсібінде бірнеше ірі кәсіпорын бар. Экономикалық тұрғыдан ең тұрақты зауытты Жамбыл былғары-аяқ киім комбинаты негізінде жиырма жылдан астам уақыт бұрын құрылған «ТаразКожОбувь» ЖШС деуге болады. Фабриканың басқалардан ерекшелігі — тері өңдеу мен былғары илеуден бастап, дайын аяқ киім тігуге дейінгі толық өндірістік циклі бар. Итальяндықтар жобалаған Алматы былғары зауыты негізінен өңдеумен айналысады және жылына 12 мың тоннаға дейін өңделген былғары шығаруға дайын. Банкроттықтан кейін қайта жанданған Семей былғары-жүн комбинаты қазір «Semey tannery» ЖШС басқаратын зауыт қайта құрудан кейін экспортқа арналған иленген хром wet blue жартылай фабрикаттарын шығаруға маманданды.

Теріні өңдейтін және өндіретін бес ірі компанияның салықтарын сараптадық. Тізімдегі ең табысты кәсіпорын «ТаразКожОбувь» ЖШС болды. 2023 жылдың 1 қаңтары мен 13 қарашасы аралығында компания бюджетке 327,9 млн теңге аударды, бұл қалған барлық зауыттардікін қосқандағыдан екі есе көп. Екінші орында 2020 жылдан бері қарқын алып келе жатқан Алматы былғары зауыты. Үшінші орын былтыр дамуда күрт серпіліс жасап, салық базасын ұлғайтқан шымкенттік «Turan-Skin» ЖШС.