Соңғы жылдары Қазақстанда зергерлік бұйымдар өндірісі екі есе өсті

Нарықтағы отандық өнімнің үлесі өте аз

Соңғы бірнеше жылда ҚР-да өндірілген зергерлік бұйымдардың құны айтарлықтай өсті. 2017 жылы қазақстандық зергерлер 685,9 млн теңгенің өнімін шығарса, былтыр екі есе дерлік көп: 1,36 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл тек зергерлік бұйымдардың қымбаттауынан ғана емес, өндірістің күрт көбеюінен. Пандемияядан кейін өндіріс күрт көбейді: 2021 жылы 61,8% ұлғайды.

Биыл зергерлер соңғы екі жылдағы қарқынын сақтап қалуға тырысуда, бірақ статистика мамандары сәл артта қалып бара жатқанын айтады. Қаңтар–қыркүйекте зергерлік өнеркәсіп өндірісінің индексі небәрі 84,9%-ды құрады. Былтыр сәйкес мерзімде 987,7 млн теңгеге түрлі сырғалар, сақиналар және алқалар өндірілсе, қазір көрсеткіш 839,4 млн теңге.

Қазақстан «Зергерлер лигасы» ЗТБ президенті Қайсар Жұмағалиевтің айтуынша, сатылған зергерлік бұйымдардың жалпы көлеміндегі отандық өнімнің үлесі небәрі 1%. Қалғаны импорт, астыртын өндіріс және контрабанда. Соның ішіеде негізгі бөлігі бақылаусыз көлеңкелі нарық.

Қазақстанда ірі және орта зергерлік зауыттар мен фабрикалар саусақпен санарлық. Салық шегерімдерінің көлемі бойынша көшбасшы — КСРО бүкілодақтық «Ювелирторг» конторасының қазақ бөлімшесінің ұрпағы «Казахювелир» АҚ. Соңғы жылдары компанияның бюджетке төлейтін төлемдері 67,7% өсіп, 2022 жылы 609,5 млн теңгені құраған. Биыл да кәсіпорынның жұмысы жақсы: тоғыз айда бюджетке 523,8 млн теңге аударылды.

Кестеде көрсетілген қалған төрт компания орташа. Бұл — өзін Қазақстандағы зергерлік бұйымдар өндірісінің негізін қалаушы ретінде танытатын Алматы зергерлік зауыты, қарағандылық «Жемчужина» кәсіпорны, Шымкенттегі «Шёлковый путь» зауыты және Қостанайдағы «Содалит».

Қазақ зергерлері шығарған бұйымдардың құны импорт көлемінен ондаған есе аз. Олардың арасындағы алшақтықты көру үшін екі бәсекелес топтың 2022 жылға арналған ақшалай көлемін салыстырып көрейік. Доллармен есептегенде, қазақстандық зергерлік зауыттар былтыр 2,9 млн АҚШ долларының өнімін шығарды (ҚР Ұлттық банкінің орташа жылдық бағамы бойынша), ал импорттық түсімдер осы кезеңдегі 108,3 млн АҚШ долларын құрады.

Импорт негізінде ҚР-дағы зергерлік бұйымдар нарығының динамикасын ішінара бағалауға болады. Пандемия мен дағдарысқа қарамастан, жыл сайын Қазақстанға қымбат бағалы зергерлік бұйымдар импортталады. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикасы тек құнның ғана емес, сонымен бірге кірістердің физикалық көлемінің де өскенін көрсетеді. Жалпы, 2017–2022 жылдар аралығында зергерлік бұйымдар импорты ақшалай түрде 7,8 есе өсті. Биыл қаңтар–тамызда шетелден импорт құны 2022 жылғы жылдық көрсеткіштен асып, 110,2 млн АҚШ долларын құрады.

Бақыланатын импорт сегментіндегі зергерлік бұйымдардың негізгі жеткізушісі Ресей. 2023 жылдың алғашқы сегіз айында солтүстік көршіден ҚР-ға 54,2 млн АҚШ долларының зергерлік бұйымдарын жеткізген, бұл жалпы импорт көлемінің 49,3%-ы. Экспорттаушылар бестігіне Еуропа елдері де кіреді: Франция (14,3% үлес), Италия (10,6%), Ұлыбритания (8,2%) және Швейцария (5,1%). Түркия Қазақстанға зергерлік бұйымдардың ең ірі жеткізушісі болып саналса да, «ақ» импорттың үлесі төмен: небәрі 0,7%.

Қазақстанда зергерлік бұйымдар мен сағаттардың бағасы азық-түлік емес тауарлар инфляциясына қарағанда тұрақты түрде өсуде. Соңғы жылдары сектордағы бағаның өсуі салыстырмалы түрде біртіндеп болды — жыл сайын 7%-10% аралығында. Жалғыз ерекшелік 2022 жылы болды, ол кезде бағалы металдардан жасалған зергерлік бұйымдар мен сағаттар 29,7% қымбаттады. Дегенмен, былтыр көптеген тауар инфляциясы рекорд жаңартты.

Қызықты дерек: былтыр неке сақиналары 32,4% қымбаттады. Бағаның өсуіне сұраныстың артуы әсер етуі екіталай: 2022 жылы неке тіркеу көбейген жоқ, керісінше, 8,5% азайды.