Теміржол компанияларының табысы 27% өсті

Ал жолаушылар теміржол көлігі қызметі бір жылда 8% қымбаттады

2023 жылдың қаңтар–қазанында теміржол көлігімен 344,7 млн тонна жүк пен багаж тасымалданды, көрсеткіш бір жылда 1,3% өсті.

Он айдың қорытындысы бойынша, теміржолмен жүк айналымы 271,3 млрд ткм болды, бұл былтырғыдан 4,7% артық.

Ең көп жүк және багаж Қарағанды, Павлодар және Ақтөбе облыстарында, ең азы Алматы, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында тасымалданған.

Биыл қаңтар–қазанда теміржол көлігімен 16,6 млн жолаушы тасымалданды, бұл былтырғыдан 2,2% артық.

Бұл ретте жолаушы айналымы 13,6 млрд жкм болды, бұл 2022 жылғы қаңтар–қазанмен салыстырғанда 1,5% аз.

Көбіне жолаушылардың теміржол көлігінің қызметін елорда тұрғындары пайдаланды: 4,6 млн адам, бір жылда 17,3% көбейген. Одан кейін Ақтөбе мен Қызылорда облыстары. Ең аз жолаушы Алматы облысында тасымалданған.

2023 жылдың қаңтар–қазанында теміржол компанияларының табысы бір жыл бұрынғы 1,1 трлн теңгемен салыстырғанда 1,4 трлн теңгеге жетті. Ақшалай есептегенде табыстың жылдық өсімі 26,5%.

Жүк, багаж, жүк-багаж тасымалдаудан түскен табыс 1,3 трлн теңге, жолаушыларды тасымалдаудан небәрі 100,8 млрд теңге түсті. Көлік құралдарын жүргізушісімен лизингке беруден түскен табыс 264,6 млн теңге.

Жолаушылар теміржол көлігі саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция бір жылда 42,4% азайып, биыл қаңтар–қыркүйекте 14,7 млрд теңге болды. Жүк темiржол көлiгi саласына салынған инвестиция, керiсiнше, бiр жылда 2,8 есе өсiп, 190,9 млрд теңге болды.

Сонымен бірге, 2022 жылдың аяғында жылжымалы құрамға қатысты жағдай мынадай: 2,6 мың жолаушылар вагонының 1,1 мыңы 25 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді, 5 жылдан жаңа 330 вагон ғана бар. Сонымен қатар, темір жол көлігі қызметтерін көрсететін кәсіпорындардың меншгіндегі 53,9 мың жүк вагонының басым бөлігі — 25,8 мыңы — 10–15 жыл бойы пайдаланылып келеді, ал 25 жылдан асқан ескі вагон саны 8,3 мың.

Биыл қазанда ҚР-да жолаушылар теміржол көлігі қызметі бір жылда 7,9% қымбаттады. Қала сырты пойызымен жол жүру бағасы 8,8%, республикаішілік пойыздың плацкарт вагонымен — 8,6%, республикаішілік пойыздың купе вагонымен — 8,9% қымбаттады.

Өңірлер бойынша баға ең көп Маңғыстау облысында өсті: бірден 35,5%. Одан кейін Алматы қаласы (22%) және Солтүстік Қазақстан облысы (20,2%).

Бағаның ең аз өсімі Абай облысында тіркелді: 0,5% ғана. Тағы алты облыста қызмет бағасы арзандады, Жетісу өңірінде ең көп 10,4% арзандады.