ҚР-да тұтынушылардың коммуналдық қызметтерге қарызы 61 миллиард теңге

Мемлекет коммуналды нысандарды жөндеуге қаржы іздеп жатқанда, жүйелі түрде қарызын төлемеушілер еліміздің коммуналдық саласының жұмысына нұқсан келтіруде

Қазақстандағы коммуналдық инфрақұрылымның тозуы бұрыннан келе жатқан және жүйелі мәселе. Биыл көктемде ҚР президенті еліміздегі жылу электр станцияларының жартысынан көбіне қауіп төніп тұрғанын, кейбір қалалардағы тозу деңгейі 80%-дан асқанын атап өткен болатын. Республика бойынша жылу желілерінің орташа тозуы шамамен 54%-ды құраса, орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген 80 қалада бұл көрсеткіш 75%-дан 92%-ға дейін.

Инвестиция тарту арқылы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту үшін елімізде «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанын бұған дейін жазғанбыз.

Сонымен бірге, мемлекеттің күш-жігері мен табиғи монополиялар субъектілері (ТМС) мен оларды реттеуші органдардың іс-әрекеттерінен басқа, коммуналдық қызметтерді — энергия, жылу, сумен қамту және кәрізді тұтынушылардың қызмет ақысын уақытылы төлеуі де маңызды рөл атқаратынын түсіну қажет.

Бүгінгі таңда саладағы өте күрделі және шешімін таппаған мәселе — коммуналдық тұтынушылардың қарызының көптігі. 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, үш айдан асатын тұтынушылық дебиторлық берешектің жалпы көлемі 61,2 млрд теңгені құрады, оның 15,7 млрд теңгесі — халықтың, 45,6 млрд теңгесі — кәсіпорындардың қарызы.

Соның ішінде жеке тұлғалардың орталықтандырылған жылумен қамту қызметіне қарызы 4,9 млрд теңге, газбен қамту қызметіне — 1,7 млрд теңге, электр энергиясына — 4 млрд теңге, сумен қамту қызметіне — 3 млрд теңге, кәрізге — 2 млрд теңге. Заңды тұлғалардың жылумен қамту қызметіне қарызы 13,4 млрд теңге, газбен қамту қызметіне — 12,5 млрд теңге, электр энергиясына — 14,3 млрд теңге, сумен қамту қызметіне — 3,6 млрд теңге, кәрізге — 1,7 млрд теңгеге жетті.

Салыстырмалы түрде айтсақ: Кентау жылу электр орталығын толықтай жаңғыртуға 14 млрд теңгеден сәл аз ғана қаржы қажет. Бұл сомаға жылу беру маусымының басына дейін 4 қазандық жөнделіп, 6 км жылу магистралі ауыстырылды, жаңа жылға дейін тағы 4 қазандық, келесі жылы 14 км жылу магистралі мен 80 км ішкі желілер жаңартылады және ауыстырылады. Осындай ауқымды жаңғырту үшін қарыздың 23%-дан азы қажет, яғни қарызды толық өтегенде осындай бес ЖЭО-ны ретке келтіріп, Кентау сияқты бес қаланы жылу және электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге болар еді және сонда да қаражат қалады.

Немесе, айталық, бұл қаражатқа 170 км жылу желілерін жөндеуге болатын еді, бұл үлкен көрсеткіш. Бұл жай ғана сан емес екенін ескерген жөн: коммуналдық сала кәсіпорындарының жоғалтқан қаражаты инженерлік инфрақұрылымның жұмысында тікелей көрініс табады. Бұл жасалмаған жөндеу жұмыстары, жаңартылмаған желі және қажетті жаңғыртудан өтпеген жабдықтар. Үлкен сомаларды ескере отырып, біз ұсақ, байқалмайтын кемшіліктер туралы емес, жүйелі мәселе туралы айтып отырмыз.

Қызмет ақысын төлемейтін тұтынушылардың кесірінен коммуналдық сектор зардап шегіп отыр. Оның үстіне мәселе жүйелі, ол биыл ғана туындаған жоқ және жылдарға созылып, өзектілігін сақтап отыр.

Инвестициялық қызметті уақтылы және толық жүзеге асыру тұтынушылардың коммуналдық қызметтерді төлеудегі тәртібіне айтарлықтай байланысты.

Осы аралықта мемлекет пен ТМС өз тарапынан «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша елдегі инженерлік желілердің тозу деңгейін төмендету және жұмысын жақсарту бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл жерде маңызды артықшылықты атап өткен жөн: 2023–2029 жылдарға арналған қазіргі бағдарламаның 2009–2015 жылдардағы кезеңінен айырмашылығы, ол тек электр энергиясын өндіру саласын ғана емес, сонымен қатар барлық коммуналдық қызметті қамтиды, оның ішінде жылумен, сумен қамту және кәріз бар.

Қазіргі таңда бағдарламаға 213 ТМС кіреді, оның 67-сі жылумен қамтуға, 45-і электрмен қамтуға, 51-і сумен қамтуға, 50-і су бұруға қатысты. Бұл кәсіпорындар үш санатқа бөлінеді: олардың 87-сі қызыл аймақта (тозу деңгейі 65%–70%-дан жоғары), 46-сы сары аймақта (тозу деңгейі 55%–65%) және 80-і жасыл аймақта (тозуы 55%-дан аз). 2029 жылдың соңына қарай бағдарламаның нәтижесінде қызыл аймақта бірде-бір кәсіпорын қалмауы керек, сары аймақта 63 және жасыл аймақта 150 ТМС болуы тиіс.