Жеке су есептеуіштері қай аймақта пайдаланушыларда 12% орнатылған?

Орталық Азия, атап айтқанда, Қазақстан су ресурстарының елеулі проблемаларымен бетпе-бет келуде. Еуразиялық даму банкінің есебіндегі деректер бойынша климаттық өзгерістерге, суға қажеттіліктің артуына және өзендерден келетін ағынның қысқаруына байланысты 2028 жылға қарай өңірде 5–12 текше км көлемінде су тапшылығы күтілуде.

Негізінде бұл бүкіләлемдік проблема. WWF зерттеуі тұщы су экожүйелерінің бұзылуы су ресурстарын тиімсіз басқарумен бірге бүкіл әлемде миллиардтаған адамның таза су мен санитарияға қол жеткізе алмай отыруына әкелгенін көрсетті. Оның үстіне, кәсіпорындар мен экономикалар үшін суға байланысты тәуекелдер өсіп жатыр. 2050 жылға қарай су жетіспеушілігінің тәуекелі жоғары аудандарына, бүгінгі 10%-бен салыстырғанда, әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 46% келуі мүмкін. Қазақстан мен ОА осы тәуекелі жоғары өңірлерге кіреді.

ҚР-да су ресурстарын пайдалануды бақылау мен оңтайландырудың түрлі шаралары қабылдануда. Атап айтқанда, басты мәселелердің бірі — міндетті түрде суды есепке алу аспаптарын (ЕА) орнату және бақылау. Жалпы алғанда, ҚР-да суық суды есепке алу аспаптарымен жарақтандыру деңгейі жаман емес, алайда кейбір өңірлерде кемшіліктер байқалады. Мысалы, Қазақстан бойынша үйге ортақ есепке алу аспаптарымен (ОЕА) жарақтандырудың орташа деңгейі 67,8%-ды, ал жеке есепке алу аспаптарымен (ЖЕА) жарақтандырудың орташа деңгейі 85,4%-ды құрайды.

ОЕА-мен жарақтандырудың ең жақсы көрсеткіштері Алматы, Шымкент және Батыс Қазақстан облысында байқалады: бірден 100%. Елордадағы көрсеткіш те өте жақсы: 99,7%. Ал, Қостанай облысында жарақтандыру бар болғаны 5,2%-ды, Атырау облысында — 8,3%-ды, Солтүстік Қазақстан облысында — 12,1%-ды құрайды.

ЖЕА-ге келетін болсақ, бұл жердегі жағдай жақсырақ. 90%-дан астам көрсеткіш бірден ҚР 20 өңірінің 13-інде тіркелген. Алайда 100% жарақтандыру деңгейі Маңғыстау облысында ғана байқалады.