Қазақстанда «жасыл» құрылыс рекордтық көрсеткішке жетті: жұмыс көлемі екі еседен көп өсті

Бүкіл әлемде «жасыл» құрылыстың аясы кеңіп келеді және бұл саланы дамытудың маңызы да күн санап артуда. «Жасыл» ғимараттар қоршаған ортаға қолайсыз әсерді айтарлықтай азайтуға көмектеседі. Халықаралық зерттеулерге сай бұл ғимараттар дәстүрлі ғимараттармен салыстырғанда, энергия шығынын 30%–40%-ға, суды тұтынуды 20%–30%-ға және көмірқышқыл газының шығарындыларын 35%-ға дейін төмендете алады. Бұл өте маңызды жәйт, мысалы, 2020 жылы ғимараттарды салу және пайдалану әлемдегі CO2 шығарындыларының 37%-ын және тұтынылатын энергияның 36%-ын құрады.

Қазақстан үшін «жасыл» құрылыс тақырыбы өзекті мәселе болып саналады. Естеріңізге салсақ, біздің еліміз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатын жариялап, Париж келісімі бойынша өз міндеттемелерін растады. Сонымен қатар, «жасыл» құрылыс — БҰҰ ТДМ-ға сәйкес келетін тұрақты дамудың бір бөлігі, Қазақстан оны ұстануға міндеттенді.

Қазақстанда «жасыл» құрылысты дамытуға арналған механизмдердің бірі, ол — халықтың осындай тұрғын үйге тұрақты сұранысын қамтамасыз ету. Қазақстанда алғаш рет Отбасы банкі іске қосқан «Жасыл ипотека» өнімі туралы баяндаймыз.

«Жасыл ипотека» — бұл ӨМІР/ГОСТ Р/BREAM/LEED «жасыл» стандартына сәйкес келетін сертификаты бар объектіден тұрғын үй сатып алу үшін Отбасы банкі беретін қарыз.

«Жасыл ипотека» жобасы пилоттық жоба болып табылады. Отбасы банкі аталған жобаны 2023 жылы іске қосқан болатын. Осы уақытқа дейін 1107 қазақстандық энергиясы тиімді объектілерден жалпы сомасы 27,8 млрд теңгеге тұрғын үй сатып алды (кредит беруге банктің өзі қаражат бөлді). Объектілердің көпшілігі Астана, Алматы және Шымкент қалаларында сатылды. Сондай-ақ, «жасыл» объектілерге Қарағанды, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Абай облыстарында сұраныс болды.

Айта кетерлігі, 2024 жылдың 1 қарашасында Отбасы банкі Азия даму банкімен (АДБ) «Қазақстан Республикасында инклюзивті және „жасыл“ тұрғын үйді қаржыландыруға жәрдемдесу жобасы» өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Еліміздегі «жасыл» дамуды қолдау үшін АДБ ынтымақтастық аясында Отбасы банкіне қаржы беруді жоспарлап отыр.

Аталған жоба энергиясы тиімді, тұрақты, «жасыл» тұрғын үй сатып алу көлемінің өсуіне ықпал ететін болады.

Қазақстанда «жасыл» құрылысты дамыту тұрғысынан оң өзгерістер байқалуда. Мәселен, 2023 жылы «жасыл» құрылыс аясында орындалған жұмыстардың көлемі алғаш рет 38,9 млрд теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда, бірден 2,4 есе көп. Жалпы алғанда, 2021 жылғы «коронадағдарыс» кезеңін қоспағанда, көрсеткіш жылдан жылға тұрақты түрде өсіп келеді.

Десек те, Қазақстан әлі де алға ұмтылу керек. Мысалы, рекордтық 2023 жылы «жасыл» құрылыс аясында орындалған жұмыстар көлемінің үлесі орындалған құрылыс жұмыстары мен қызметтердің жалпы көлемінің небәрі 0,5%-ын құрады. Әрине, бұл көрсеткішті әлі де ұлғайту қажет, сондықтан осы саланың өсуіне ықпал ететін кез келген жобалар біздің еліміз үшін өте маңызды.