ҚР-да жанармай бір жылда 8%, соның ішінде дизель отыны бірден 36% өсті

ҚР-да жанармай бір жылда 8%, соның ішінде дизель отыны бірден 36% өсті

 

Биыл тамыз айында жеке көліктерге арналған жанармай бір жылда 7,9% өсті.

Павлодар облысында жанармай бағасы бірден 11,2%, Солтүстік Қазақстанда 11%, Абай облысында 10,3% қымбаттады. Жылдық бағаның ең аз өсімі — 5%, Алматы және Түркістан облыстарында тіркелді.

 

 

Жанармай түрлеріне тоқталсақ, бір жылда бензин 3,5% қымбаттады. Соның ішінде АИ-92 бензині 3,2%, АИ-98 — 5,9%, АИ-95/96 — 6,2% қымбаттады.

Дизель отыны бір жылда 35,5%, соның ішінде жазғысы — 19%, қысқысы — бірден 55,9% қымбаттады.

ҚР-да орта есеппен 2022 жылғы тамызда АИ-92 маркалы бензиннің бір литрінің бөлшек саудадағы бағасы 178 теңге, АИ-95/96 — 210 теңге, АИ-98 — 232 теңге, жазғы дизель отыны — 238 теңге болды.

 

 

Биылғы 19 қыркүйектегі жағдай бойынша ТМД* елдері арасында бензин мен дизель отынының ең жоғары бағасы Украинада тіркелді**: тиісінше 1,341 және 1,442 АҚШ доллары. Ең төменгі баға Түркіменстанда байқалды: бензин — 0,428 АҚШ доллары, дизель отыны — 0,385 АҚШ доллары.

Қазақстанда бір литр бензин 0,44 АҚШ доллары, дизель отынының литрі 0,499 АҚШ доллары болды. Бензиннің арзандығы бойынша Қазақстан тек Түркіменстаннан ғана қалып қойған. Ал дизель отыны ең арзан Түркіменстанда және Әзірбайжанда.

* Армения мен Тәжікстан бойынша деректер келтірілмеген.
** Украина бірқатар себептер бойынша ТМД-да даулы мәртебеге ие.

 

 

ҚР энергетика министрі отандық жанармай нарығын тұрақтандыруға бағытталған шаралар туралы айтты:
• Қазақстан аумағынан автомобиль көлігімен бензин, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін шығаруға тыйым салу туралы бұйрық қабылданды;
• жанармай құю бекеттерінде сараланған бағаларды енгізу туралы бұйрық қабылданды, қазіргі уақытта бұйрық арқылы жанармайдың шектеулі көлемін жеткізуге бақылау нормаларына өзгерістер енгізілуде;
• жеткізілген вагон цистерналарының саны ұлғайтылды (дизель отынының орташа тәуліктік жөнелтілімінің ұлғаюы 21,7%-ды құрады);
• қыркүйек-қазан айларында «Самұрық-Қазына» қоры мен ҚМГ 100 мың тонна дизель отынын импорттау туралы келісімшартқа отырды, үкіметтің тапсырмасы аясында бүгінге дейін 10 мың тонна дизель отыны әкелінді.

 

 

Айта кету керек, биыл қаңтар–шілде айларының қорытындысы бойынша, Қазақстан өзін бензинмен және дизельдік отынмен толық дерлік қамтамасыз етті: көрсеткіш тиісінше 99,98% және 99,25%. Осы кезеңде бензин өндіру 5,1%, 2,8 млн тоннаға, дизельдік отын — 9,2%, 3,1 млн тоннаға дейін өсті.

Импорт өте аз және өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеді: бензин импорты — 38,6%, 573,1 тоннаға дейін, дизель отыны импорты — 73,5%, 23,6 мың тоннаға дейін төмендеді.

Есесіне ішкі нарығындағы сатылым өсті: бензин — 2,8 млн тоннаға дейін (бір жылда 8,2% көбейді), дизель отыны — 3,1 млн тоннаға дейін (12,7% көбейді).