Құс етін өндіру біршама өсті

Құс етін өндіру біршама өсті

 

Биылғы қаңтар–қазан айларында Қазақстанда 93,3 мың тонна жаңа немесе салқындатылған құс еті өндірілді, бұл бір жыл бұрынғыдан 3,5% артық. Мұздатылған құс етін өндіру 109,3 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7% артық.

Өңірлер бойынша Алматы облысы мұздатылған құс етін өндіруден көшбасшы: 54,6 мың тонна, бір жылда 4,9% көбейді. Үздік үштікке Ақмола мен Абай облыстары да кірді.

Жаңа немесе салқындатылған құс етін өндіру бойынша Ақмола облысы көш бастап тұр: 35,2 мың тонна. Екінші және үшінші орында Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстары.

Жалпы, 2021 жылы елімізде 112,5 мың тонна жаңа немесе салқындатылған және 127 мың тонна мұздатылған құс еті өндірілді, өсім сәйкесінше 20,5% және 13,8%.

 

 

Биылғы қаңтар–тамыз айларының қорытындысы бойынша, жергілікті компаниялар құс етіне және тамақ өнімдеріне сұранысты (ішкі нарықтағы сату және экспорт) бір жыл бұрынғы 67,2%-бен салыстырғанда 69,2% қамтамасыз етті.

Импорттың үлесі тиісінше 30,8%-ды құрады. Қазақстан 84,9 мың тонна құс еті мен тамақ өнімдерін импорттаған, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 6% аз. Ал экспорт бірден 55,6% азайып 8,7 мың тонна болды.

ҚР ішкі нарығында сату көлемі 4,3% өсіп, 267,2 мың тоннаны құрады.

 

 

Биылғы қазан айының қорытындысы бойынша тауық еті бір жылда 27,9%, тауықтың сан еті 26,7% қымбаттаған. ҚР дүкендері мен базарларының сөрелерінде тауық етінің килосы 1,4 мың теңге, сан еті 1,2 мың теңгеден сатылуда.

Абай облысында тауық еті ең көп қымбаттады: 52,3%. Одан кейін Шымкент қаласы (48,7%) мен Шығыс Қазақстан облысында (41,9%) баға айтарлықтай өсті. Бағаның ең аз өскен өңір Алматы облысы: «бар болғаны» 12,3%. Тауықтың сан еті ең көп қымбаттаған Маңғыстау (54,9%), Павлодар (43,9%) және Солтүстік Қазақстан (35,7%) облыстары.

Еліміздің ірі қалаларының ішінде тауық еті ең қымбат Актауда 1,7 мың теңге болса, тауықтың сан еті Түркістанда ең қымбат, килосы 1,4 мың теңге. Ең арзан тауық еті мен тауықтың сан еті Оралда болды: килосы тиісінше 1,2 мың теңге және 997 теңге.