Елдің аффинаж зауыттары 73 тоннадан астам асыл металл шығарды

Елдің аффинаж зауыттары 73 тоннадан астам асыл металл шығарды

 

Былтыр Қазақстанның алтын өндіру өнеркәсібі үшін табысты жыл болды. Құрамында алтын бар кен өндірісі айтарлықтай өсті: 2022 жылғы қаңтар–желтоқсанда 39,4 млн тоннаға жетті, көрсеткіш 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,5% (немесе 6,4 млн тонна) артық. Құрамында алтын бар қойыртпа өндірісі аздап төмендеді: 11,9% азайып, 455 мың тонна болды.

 

 

Бұл ретте, өңдеу сегментінде өңделмеген және жартылай өңделген алтын өндірісі 129,6 тоннаға жетіп, бір жыл ішінде 13% өсті. Оның ішінде тазартылған алтын өндірісі 73,2 тоннаны (жылдық өсім 9,9%) құрады. Бұл рекордтық көрсеткіш: былтыр бұл көрсеткіш 69,8 тоннадан аспаған.

Айтпақшы, 2018 және 2020 жылдары сектордағы жылдық өндіріс өсімі бұдан да жоғары — 20% шегінде болды. Ал 2018–2022 жылдар аралығында тазартылған алтын өндірісінің өсімі 37,9%-ды құрады.

«Бағалы металдар және асыл тастар туралы» заң нормаларына сәйкес, ҚР аумағында өндірілген құрамында алтын бар барлық шикізат ел ішіндегі аффинаж зауыттарында өңделуі тиіс (кей жағдайларды санамағанда).

Қазақстандағы барлық тазартылған алтынның негізгі бөлігін үш ірі зауыт өндіреді: «Тау-Кен Алтын» (бас компания «Самұрық-Қазына» АҚ), «Казцинк» ЖШС Өскемен металлургиялық кешені және «„Қазақмыс“ Корпорациясы» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауытының асыл металл цехы.

 

 

Қазақстанның бағалы металл өндірушілерінің республикалық қауымдастығы мәліметінше, 2022 жылы барлық тазартылған алтынның 49%-ын 30-дан астам жер қойнауын пайдаланушылардан шикізат қабылдайтын «Тау-Кен Алтын» ұлттық зауыты өндірген. Өндіріс үлесі бойынша екінші орынды «Казцинк» (39,1%), үшінші орынды «Қазақмыс» корпорациясы (10,4%) иеленді.

Осы компаниялардың тек екеуі ғана өндіріс нәтижелері туралы есеп берді, оның өзінде тек 2022 жылдың тоғыз айына ғана. «Тау-Кен Алтын» компаниясы өндіріс көлемін 10%, «Қазақмыс» 28,2% өсірген.

 

 

Қазақстанда құрамында алтын бар шикізатты өндіретін жер қойнауын пайдаланушылардың саны артып келеді. Оларды екі үлкен топқа бөлуге болады: алтын өндіруді негізгі мақсат еткен компаниялар және басқа металдарды өндіруге бағытталған, ал алтын ілеспе өнім саналатын кәсіпорындар. Ірі компанияларда көбіне екі бағыт та қатар болады.

Мысалы, «Казцинк» компаниясы Шығыс Қазақстандағы бірнеше түсті металл кен орындарын (мұнда алтын ілеспе өнім) және Ақмола облысында орналасқан еліміздегі ең ірі Васильковское алтын кен орнын игеруде. Кен орнының барланған қоры шамамен 370 тоннаны құрайды. Былтыр компания 546 мың унция алтын өндірді (барлық өндіріс базасынан), бұл 2021 жылмен салыстырғанда 8,2% аз.

2022 жылы Polymetal-дың алтын өндіруші компаниясының кәсіпорындарында да алтын эквивалентінде 541 мың унция өндірілді. Өндіріс нәтижелерінің есебіне сәйкес екі ірі учаскіде (Бақыршық кен орны және Варваринское хабын) тиісінше 2,2 млн және 3,8 млн тонна кен өндірді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда тиісінше 2% және 6% артық. Алайда бұл кеннен алынған алтын концентраты 3% аз болды. Бұл өндірілген тау жынысының құрамында алтынның аз болуымен байланысты.

 

 

Ірі алтын өндіруші компаниялар қатарына 2021 жылы Қазақстандағы ең көне алтын өндіруші «Қазақалтынды» қосып алған «Алтыналмас АК» АҚ да кіреді. Енді магнаттың тізіміне бірнеше ірі өнеркәсіп орындары, соның ішінде Қазақстанның төрт өңіріндегі кеніштер мен өңдеу зауыттары енді. Компания өзінің есеп берулерінде де, корпоративтік басылым беттерінде де алтын өндірудің жылдық көлемі туралы ақпаратты ашпайды. Биыл ақпанның ортасында басқарма төрағасы Дияр Қанашев ҚР президентімен кездесіп, компания жобаларында соңғы үш жылда 40 тоннадан астам алтын өндірілгенін айтты.

Жетекші алтын өндірушілердің тізіміне жеке аффинаж цехы бар «Қазақмыс» корпорациясы мен Kaz Minerals да кіреді. Екі кәсіпорын да ірі мыс өндірушілері, алтын олар үшін ілеспе металл. Kaz Minerals баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022 жылы кәсіпорындарда қойыртпадағы алтын өндірісі 171 мың унцияға жеткен (2% өскен).