Қазақстаннан құс еті экспорты 3 есе өсті, бірақ ішкі бағаға қандай салдары бар?

Елімізде құс еті 11% қымбаттады

 

Биыл қаңтар–маусымда ҚР-да 70,7 мың тонна жаңа сойылған немесе салқындатылған құс еті өндірілді, бұл бір жыл бұрынғыдан 27,1% артық. Мұздатылған құс еті 63,2 мың тонна өндірілді, бұл бір жыл бұрынғыдан 1,8% аз.

Өңірлер бойынша Ақмола облысы жаңа сойылған немесе салқындатылған құс етін өндіруден көшбасшы: 27,7 мың тонна (бір жылда 30,2% өскен). Одан кейін Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстары.

Мұздатылған құс етін өндіруден Алматы облысы көш бастап тұр: 27,2 мың тонна. Екінші және үшінші орында Ақмола мен Абай облыстары.

Жалпы, 2022 жылы елімізде 121,2 мың тонна жаңа сойылған немесе салқындатылған құс еті (бір жылда 7,8% өскен) және 120,8 мың тонна мұздатылған құс еті (4,9% азайған) өндірілді.

 

 

Биыл қаңтар–мамырдың қорытындысы бойынша жергілікті компаниялар құс еті және тағамдық субөнімдерге сұранысты (ішкі нарықтағы сату және экспорт) 73,5% қамтамасыз етті, бір жыл бұрын көрсеткіш 72,2% болған.

Импорттың үлесі 26,5%. Қазақстан 49,1 мың тонна құс еті мен тағамдық субөнімдер импорттаған — былтырғымен салыстырғанда 5,7% артық. Бұл ретте экспортқа 14,1 мың тонна жөнелтілді, 2,8 есе өскен.

Ішкі нарықта құс еті мен тағамдық субөнімдерді сату 5,9% өсіп, 171,5 мың тоннаны құрады.

Еске салайық, еліміздегі ірі құс етін өндіруші Aitas KZ холдингі былтыр мемлекеттен бірнеше миллиард теңге субсидия алған, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Aitas KZ тікелей субсидиядан бөлек банк несиелерінің пайызын да субсидиялады. Бұл ретте мемлекеттік субсидиялар Aitas KZ холдингінің пайдасын арттырғанымен, құс етінің қымбаттауына тосқауыл бола алмады. Хабарламада атап өтілгендей, компания еліміздегі құс еті нарығында басым, яғни өндіріс көлемімен ішкі бағаға әсер етуге нарықтық күші жеткілікті.

 

 

Биыл маусымда құс етінің бағасы бір жылда 10,8% өсті. Оның ішінде тауық еті — 13,9%, тауықтың саны — 6%, тауықтың төсі — 18,2%, жамбас және сирағы — 18,6% қымбаттады.

Өңірлер бойынша құс етінің бағасы ең көп өсімі Павлодар облысында тіркелді: 23,6%. Одан кейін Батыс Қазақстан (23,3% өскен) және Қостанай (19,6% өскен) облыстарында да баға айтарлықтай қымбаттады.

Ең аз жылдық баға өсімі Маңғыстау облысында тіркелді: бар болғаны 0,6%. Республикада 20 өңірдің ішінде тек Ақтөбе және Түркістан облыстарында құс етінің бағасы аздап арзандады: әр облыста елеусіз 2,8%.