Қоғамдық тамақтану орындарының қызметі бір жылда 13,1% қымбаттады

Қоғамдық тамақтану орындарының қызметі бір жылда 13,1% қымбаттады

 

Биыл 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, елімізде тұру және тамақтандыру қызметтерін ұсынатын 10,2 мың кәсіпорын тіркелген, бұл былтырғыдан 8,2% көп. Оның ішінде 8,2 мың кәсіпорын жұмыс істеп тұр, көрсеткіш бір жылда 10,4% көбейген. Тіркелгендердің ішінде жұмыс істейтін компаниялардың үлесі 80,3%.

Жалпы, жұмыс істеп тұрған компаниялардың үлесі жылдан жылға артып келеді. Мәселен, 2017 жылдың тамызында бұл көрсеткіш небәрі 65,6%, 2019 жылы — 72,1%, 2022 жылы — 78,7% болды.

 

 

Саладағы барлық жұмыс істейтін компаниялардың үштен бірі Алматыда орналасқан: 2,7 мың кәсіпорын — былтырғыдан 12,2% артық. Барлық компаниялардың тағы төрттен бір бөлігі Астанада орналасқан: 2,2 мың кәсіпорын, жылдық өсім 6,9%. Қарағанды облысы үшінші орында: 342 кәсіпорын (бір жылда 9,3% көбейген).

HoReCa секторындағы ең аз компаниялар Ұлытау (23 кәсіпорын), Жетісу (84 кәсіпорын) және Солтүстік Қазақстан (97 кәсіпорын) облыстарында.

 

 

Биыл екінші тоқсанда ҚР-дағы мейрамханаларға, дәмханаларға және ұқсас мекемелерге жұмсалған шығын орташа есеппен жан басына шаққанда 2,1 мың теңгені құрады, бұл былтырғыдан 15,6% артық.

Өңірлер бойынша алматылықтар мейрамханалар мен дәмханаларға ең көп ақша жұмсаған: орта есеппен жан басына шаққанда 3,9 мың теңге — былтырғыдан 10,7% артық. Одан кейін Қызылорда және Алматы облыстары: әр облыста 3,7 мың теңге.

Мейрамханалар, дәмханалар және ұқсас мекемелерге ең аз шығын Маңғыстау облысында тіркелді: кем дегенде, ресми дерек бойынша, бір тоқсанда тоқсанда небәрі 39 теңге (редакциямызға бұл дерек оғаш болып көрінеді, бірақ ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы осындай статистика ұсынып отыр).

 

 

Биыл тамыз айында мейрамхана және қонақүй қызметі былтырғы тамызбен салыстырғанда 13,1% қымбаттады. Оның ішінде қоғамдық тамақтану орындарының қызметі 13,1%, оның ішінде мейрамханадағы түскі ас — 15,2%, асханадағы түскі ас — 11,8%, фастфуд — 13,5% қымбаттады. Қонақ үй қызметі 11,6% қымбаттады.

Өңірлер бойынша мейрамхана және қонақүй қызметі Жетісу облысында ең қатты қымбаттады: 43,3%. Одан кейін Шымкент (бір жылда 25,5% қымбаттады) және Алматы облысы (19,4%).