Қазақстандағы жағдай әзірге жақсы: маусым айындағы сатылым былтырғы жылмен салыстырғанда небәрі 1%-ға ғана кеміді

Қазақстандағы жағдай әзірге жақсы: маусым айындағы сатылым былтырғы жылмен салыстырғанда небәрі 1%-ға ғана кеміді

 

Компоненттерді жеткізудегі жалғасып жатқан проблемалар, атап айтқанда жартылай өткізгіштердің жетіспеушілігі, сондай-ақ Қытайдағы COVID-19-ға нөлдік төзімділік саясатына байланысты шектеулер әлемдегі автомобиль саласының өсуіне және осы саладағы сұранысты қанағаттандыруға кедергі келтіреді. Мәселен, Еуропада жаңа автокөліктердің сатылымы маусым айының қорытындысы бойынша 1,1 млн бірл. құрады — өткен жылдың маусымымен салыстырғанда 16,8%-ға аз. Еуропалық автоөндірушілер қауымдастығының (ACEA) деректері бойынша теріс динамика он бірінші ай қатарынан тіркелді, ал ағымдағы жағдай орын алған проблемалармен қоса Украинадағы жағдайға байланысты логистикалық іркілістермен күрделене түсті.

Жаңа автомобильдерді сату бойынша Еуропа елдері арасында ағымдағы жылдың маусым айында Германия көшбасшы болды: 224,6 мың авто — өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,1%-ға аз. Одан кейін Франция: 171,1 мың авто — өткен жылға қарағанда 14,2%-ға аз. Көшбасшылар үштігін Ұлыбритания аяқтайды, онда 141 мың жаңа автокөлік сатылды, бірден минус 24,3% және бұл 1996 жылдан бергі маусымдағы ең төменгі көрсеткіш.

Көрші Ресейде бір жыл ішінде сатылым 82%-ға күрт қысқарды, 2022 жылғы маусымда бар-жоғы 27,8 мың автоны құрады, Беларусьте — 68%-ға, 1,1 мың көлікке дейін.

Жалпы, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Еуропада 5,6 млн жаңа автокөлік сатылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,7%-ға аз. Ресейде сатылым 57%-ға төмендеп, тек 370,2 мың автоны құрады, Беларусьте — 47,2%-ға, 11,9 мың көлікке дейін.

 

 

Қазақстанда автомобиль саласындағы жағдай анағұрлым оптимистік болып көрінеді: маусымда жаңа автокөліктер сатылымы 11,9 мың бірлік техниканы құрады, бұл 2021 жылғы маусыммен салыстырғанда 1,1%-ға аз. Отандық автомобильдердің үлесі жалпы сатылымнан 83,5%-ға дейін өсті.

Жалпы, ағымдағы жылдың қаңтар–маусымында 51,9 мың жаңа автомобиль сатылды, бұл 2021 жылдың қаңтар–маусымына қарағанда небәрі 8%-ға аз.

 

 

ҚР қалалары бойынша 2022 жылдың маусым айында жаңа автокөліктер сатылымының жартысынан астамы тек 3 мегаполиске тиесілі болды: Алматы (3 мың машина), Нұр-Сұлтан (2,5 мың) және Шымкент (1,4 мың). Сондай-ақ, Қарағандыда (810 бірлік) және Қостанайда (712 бірлік) айтарлықтай сату көлемі байқалды.

Ағымдағы жылдың маусым айында ең көп сатылатын автомобиль модельдері Chevrolet Cobalt (2,5 мың бірлік), Chevrolet Nexia (1,2 мың бірлік) және Hyundai Tucson (727 бірлік) болды. Айта кетейік: маусым айында сатылған жаңа автомобильдердің топ-10 танымал модельдерінің ішінде бірден төртеуі Hyundai (Tucson, Elantra, Sonata және Santa Fe) маркасына тиесілі. Ең танымалдардың қатарына Chevrolet (Cobalt және Nexia) және Kia (Sportage және Soul) екі моделінен және Lada (Granta) және Toyota (Land Cruiser Prado) бір моделінен кірді.