Қазақстан темір кенін өндіруден үздік 10 елдің қатарында

АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) мәліметінше, 2022 жылы дүние жүзінде шамамен 2,8 млрд тонна металл өндірілген. Қомақты көлем темір кеніне тиесілі: 93,3% немесе 2,6 млрд тонна, оның құрамындағы темір 1,6 млрд тонна болды. Дүние жүзіндегі темір кені өндірісінің ең үлкен көлемі Аустралияда тіркелді: 880 млн тонна. Одан кейін Бразилия, Қытай және Үндістан келеді: тиісінше 410 млн, 380 млн және 290 млн тонна.

Көршілес Ресейде 90 млн тонна темір кені өндірілді. Қазақстанда, USGS мәліметінше, 2022 жылы темір кенін өндіру көлемі 66 млн тоннаны құрады, бұл Қазақстанға осы көрсеткіш бойынша әлемде 9-орынға шығуға мүмкіндік берді.

Алюминий, хром, мыс, магний, мырыш және басқалары сияқты өнеркәсіптік металдар жалпы өндірістің 6,6%-ын немесе 185,1 млн тоннаны құрады. Оның ішінде алюминий (69 млн тонна), хром (41 млн тонна) және мыс (22 млн тонна) айтарлықтай көлемді құрады.

Технологиялық және бағалы металдар өндірісінің көлемі 1,5 млн тоннаны құрады, оның ішінде қалайы (310 мың тонна), сирек жер элементтерінің оксидтері (300 мың тонна), молибден (250 мың тонна), кобальт (190 мың тонна) және литий (130 мың тонна).

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы қаңтар–желтоқсанда Қазақстанда 53,4 млн тонна темір кені өндірілді, бұл 2021 жылғы қаңтар–желтоқсанмен салыстырғанда 16,1% аз. Сонымен қатар, 2023 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында темір кенін өндіру көлемі небәрі 47,6 млн тоннаны құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 10,9% аз.

Сонымен қатар, биыл қаңтарда ҚР-да 4 млн тоннадан сәл астам темір кені өндірілді, бұл 2023 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 10,5% көп. Оның ішінде біріктірілмеген темір кендері 2,5 млн тоннаны құрап, бір жылда 17,6% көбейді. теміркенді қойыртпалар 507,3 мың тоннаны (15,2% азайған), теміркенді шекемтастар — 485,3 мың тоннаны (10,2% көбейген), теміркенді агломераттың 475,5 мың тоннасы (18,2% көбейген) өндірілді.