Қазақстанда антибиотикке сұраныс минимумға дейін төмендеді

Былтыр Қазақстанда антибиотикке сұраныс 47,7% төмендеген. Мұндай бактерияға қарсы препараттарды ішкі нарықта сату көлемі соңғы бірнеше жылда ең төменгі деңгейге жетті. Елімізде 40 тоннадан сәл астам антибиотик қолданылған. Бұл коронадағдарысының бірінші жылындағы көрсеткіштен екі есе төмен.

Ішкі сұраныстың төмендеуіне байланысты шетелдік жеткізушілер осы санаттағы препараттардың ҚР-ға экспортын қысқартты: былтыр физикалық мәндегі көрсеткіштер екі есе — 62,4 тоннадан 28,9 тоннаға дейін төмендеді. Бір қызығы, Қытай бірнеше жылдан бері Қазақстан үшін антибиотиктің негізгі жеткізушісі болып келеді. 2023 жылы бұл елдің үлесі 59,5% болды. Экспорттаушылар арасында Үндістан екінші орында, Ресей үшінші орында.

Сұраныс пен импорттан кейін мұндай дәрілік заттардың отандық өндірісі де былтыр тоқырауға ұшырады. ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2023 жылы қазақстандық фармацевтикалық зауыттар небәрі 12,3 тонна антибиотик өндірген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,6% аз. Антибиотиктердің отандық өндірісі пайдаланылған ресурстардың 29,9%-ын ғана қамтиды.

Бұл ретте мына үрдісті атап өтуге болады: антибиотикке сұраныстың төмендеуі суық тиіп ауырудың аясында болып жатыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2022 жылмен салыстырғанда былтыр жоғарғы тыныс жолдарының жедел инфекцияларының таралуы 2,7 есе өскен. Қызылша індеті Қазақстан тарихындағы рекордтық көрсеткішке жетті. Бірақ 2022 жылдың соңынан кейін коронавирустық инфекцияны жұқтыру күрт төмендеді — сырқаттану көрсеткіші 36,5 есе төмендеді.

Әрине, ұсынылған деректер антибиотикке деген сұранысқа ықтимал әсердің жағдайын ішінара ғана көрсетеді. Антибактериалды препараттар қолданылатын басқа аурулар көп, оның ішінде антибиотикті қажет етпейтін тыныс алу жолдарының инфекциялары да бар. Алайда, ҚР СЖРА ҰСБ толығырақ статистикалық мәліметтерді жарияламайды.

Отандық антибиотик өндірушілерінің үлесі импортпен салыстырғанда нарықтағы «Қазфарманың» рөлін көрсетеді. Экспорт өте аз болғандықтан, көрсеткіш шамалас. ҚР Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманованың айтуынша, былтыр жергілікті фармацевтикалық компаниялардың нарықтағы үлесі физикалық көлемде 39,8%, ақшалай 16,7% болған. Яғни, елдегі дәріханалар мен ауруханалардағы қымбат дәрілердің негізгі бөлігін импорттық дәрілер құрайды деген сөз.

Соңғы үш жылда қазақстандық фармацевтика өнеркәсібінің ішкі нарықтағы рөлі аздап өзгерді — небәрі бірнеше пайыздық тармаққа ғана. Отандық фармацевтика өнеркәсібі соншалықты баяу дамып жатса, президент тапсырған нарықтың 50%-на жеткізуге жақын арада қол жеткізу мүмкін емес.

Қазір елімізде 97 фармацевтикалық өндіруші жұмыс істейді. Оның 34-і ғана дәрілік заттар өндірумен айналысса, қалған 63-і медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіруге маманданған.

Салалық ұйым басшысының мәліметінше, Қазақстанның фармацевтикалық нарығы соңғы үш жылда физикалық түрде өзгерген жоқ. Қауымдастықтың мәліметінше, 2023 жылы ҚР-да стационарларда, амбулаториялық-емханалық көмек деңгейінде және бөлшек саудада 714 млн қаптама дәрі сатылды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 0,14% ғана көп. Дәл осындай дерлік болмашы айырмашылық алдыңғы жылы да болды. Ақшалай түрде көрсеткіш көбейді: 2022 жылы 15% және былтыр 16% артты. Өкінішке қарай, бұл даму емес, бар болғаны бағаның өсуі. Марина Дурманова бұл динамиканы тек ұлттық валютаның құбылмалылығымен және инфляциямен түсіндіреді.

Қауымдастық басшысы алдағы үш жылда қазақстандық фармацевтикалық өндірістің нашарлауы мен тоқырауы мүмкін деп болжап отыр. Өйткені 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕАЭО-ға мүше елдердің фармацевтикалық компаниялары шығаратын барлық дәрілік заттар Еуразиялық одақтың талаптары мен ережелерін ескере отырып, қайта тіркеуден өтуі тиіс. 2025 жылдан кейінгі барлық ұлттық маркетингтік рұқсаттар жойылады. «Бұл отандық өндірушілер шығаратын дәрілердің көпшілігі нарықтан кетуге мәжбүр болады деген сөз. Бұның өзіндік бірқатар зардаптары болады», — деп атап өтті қауымдастық президенті.