Аэромобильді хаб — «ақылды» көлік және логистика әлеміндегі жаңа сөз

Аэромобильділік технологиялық прогрестің алдыңғы шебіне шығып келеді және вертипорттар — жолаушы және жүк нұсқаларын, сондай-ақ тікұшақтарды қоса алғанда, тігінен ұшатын әуе аппараттарын (eVTOL) ұшыруға және қондыруға арналған мамандандырылған алаңдар осы прогрестің негізгі элементіне айналуда. Вертипорттар ғимараттардың төбелерінде, арнайы платформаларда немесе қалалық және аймақтық инфрақұрылымға интеграцияланып, көлік тораптарының жанында орналасуы мүмкін.

Сектордың қарқынды дамып келе жатқанын әлемдегі мысалдар көрсетеді. Ұлыбританияда Ковентридегі Urban-Air Port жобасы алғашқы коммерциялық демонстрациялық аэромобильділік орталығына айналды. Әлемдегі алғашқы жұмыс істеп тұрған вертипорт сонау 2022 жылдың сәуір айында іске қосылған болатын. Ковентри жайдан-жай таңдалған жоқ: аймақта аэроғарыш өнеркәсібі жоғары деңгейде дамыған, ірі көлік магистралі, сауда-офис кешені және теміржол станциясы жақын жерде орналасқан. Стандартты тікұшақ айлақтарына қарағанда вертипорттардың маңызды артықшылығы — зиянсыздығымен қатар, олардың 60%-ға азырақ орын алуында әрі өте тығыз құрылыс алаңдарында қолдануға бейімділігінде. 2027 жылға қарай тағы 200 вертипорт салу жоспарлануда.

Дубай автомобиль жолдары және көлік басқармасымен (Roads and Transport Authority, RTA), сондай-ақ eVTOL-ға арналған инфрақұрылымды жасайтын және басқаратын Skyports-пен бірлесіп eVTOL әзірлейтін американдық Joby Aviation компаниясы Дубай халықаралық әуежайында (DXB) Дубай әмірлігінде жоспарланып отырған төрт вертипорттың біріншісінің құрылысын бастады. Верипорт Дубайдың мультимодальды көлік желісімен интеграциялауға арналған және Дубайдағы Emirates 2 станциясымен, DXB әуежайымен, автотұрақ инфрақұрылымымен және басқа да жерүсті тасымалдау түрлерімен үздіксіз байланысты қамтамасыз етуге арналған.

Жаңартылған карта мен 2025–2029 жылдарға арналған вертипорттардың әлемдік нарығының болжамына сай бес жыл ішінде әлем бойынша жалпы құны АҚШ долларынан асатын 1,5 мыңнан астам вертипорттың құрылысы жоспарлануда. Олардың жартысынан көбі: құны 817 млн АҚШ долларын құрайтын 794 вертипот Қиыр Шығыс елдеріне келеді. Қиыр Шығыстағы вертипорттар нарығында Қытай үстемдік етеді, қазіргі уақытта алдағы үш жылда 182 вертипорттың құрылысы жоспарлануда немесе қарастырылуда. Бұл аймақтағы вертипорттардың көпшілігі жаңа учаскелерде салынатын болады. Сондай-ақ нарықта екі үлкен вертипорт бағдарламасы үстемдік етеді: тек Гуандун провинциясының өзінде жергілікті билік 2027 жылға қарай қала бойынша 100 вертипорт салуды жоспарлап отыр.

Қытай бұл салада көшбасшы орындарда, EHang, AutoFlight және XPeng компаниялары белсенді түрде пилоттық ұшуды жүзеге асыруда және қазірдің өзінде ірі мегаполистерде алғашқы бағыттарды іске қосты. EHang өзінің пилотсыз eVTOL құрылғылары үшін CAAC (Қытай авиация басқармасы) сертификатын алды, ал Қытайдың Шэньчжэнь және Гуанчжоу қалалары вертипорттарды жалпы қалалық көлік жүйесіне енгізуде.

GMI аналитиктерінің мәліметтеріне сай 2024 жылы жетілдірілген әуе мобильділігінің (AAM) жаһандық нарығы 11,5 млрд АҚШ долларына бағаланса, 2034 жылға қарай 73,5 млрд АҚШ долларына жетеді. Инфрақұрылымдық шешімдер сегменті (вертипорттар, зарядтау станциялары, әуе қозғалысын ұйымдастыру жүйелері және UAM-ды қалалық ортада қауіпсіз және тиімді ендіруге мүмкіндік беретін басқа да негізгі компоненттер) AAM нарығындағы ең жоғары орташа жылдық өсу қарқынына ие болады. Болжамдарға қарағанда, жүк тасымалы нарығы өсіп, 2034 жылға қарай 26,4 млрд АҚШ долларына жетеді. Өсім электрондық коммерция индустриясындағы сұраныстың артуына және «соңғы мильді» жылдам жеткізу шешімдеріне деген қажеттілікке байланысты. Сонымен қатар, автономдық технологияның жетістіктері мен пилотсыз ұшу аппараттарының (ПҰА) дамуы жүк тасымалының тиімділігін одан әрі арттырады. Осының аясында Қазақстанның аэромобильді логистиканың жаһандық тізбектеріне интеграциялану бойынша айтарлықтай әлеуеті бар.

Жүк дрондары мен eVTOL логистикадағы жаңа парадигмаға айналуда. Олардың артықшылығы — қысқа және орта қашықтыққа жылдам жеткізу, жердегі кептелістерді айналып өту, шығарындылар деңгейінің төмендеуі, автономия және икемділік.

Қазақстан сияқты аумағы кең елдерде eVTOL жүк аппараттарын пайдалану әсіресе өзекті болып табылады. Мұндай аппараттар шалғай өңірлер арасында шұғыл жүктерді жеткізу, дәрі-дәрмектерді, бөлшектерді және аса маңызды өнімдерді тасымалдау үшін пайдаланылуы мүмкін. Бұл шешім әсіресе табиғи апаттар немесе дәстүрлі көліктердің жұмысында үзілістер болған жағдайларда ерекше құнды болады.

Сондай-ақ Қазақстан жолдың бір бөлігі жердегі логистикамен, ал бір бөлігі аэромобильді тасымалдаумен қамтылатын гибридті маршруттарды ұсына отырып, Қытай мен Еуропа арасындағы маңызды транзиттік торапқа айналуы мүмкін. Бұл елдің шығысы мен батысында трансшекаралық eVTOL-хабтары үшін мүмкіндіктер ашады. Еуразиялық дәліздердің негізгі қатысушысы — Қытайдың жақындығы ҚР-дағы жаңа буынның ауқымды логистикасы үшін аэромобильді шешімдердің маңыздылығын арттырады.

Қазақстан үшін вертипорттарды енгізудің және аэромобильді инфрақұрылымды дамытудың бірқатар артықшылығы бар:

• жаңа жұмыс орындарын құру — техникалық персоналға, пилоттарға, диспетчерлерге, eVTOL техникалық қызмет көрсету инженерлеріне қажеттілік;

• өңірлік инфрақұрылымды дамыту — шағын және орташа қалалардың заманауи көлік шешімдеріне қолжетімділік алуы;

• көлік әлеуетінің өсуі — әсіресе қолжетімділігі қиын өңірлер арасындағы байланыстың артуы;

• халықаралық дәліздерге кірігу — Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы логистикалық торабы ретінде рөлін арттыру;

• білім беру бағдарламаларын дамыту — қазақстандық жоғары оқу орындарында бейінді бағыттарды, оның ішінде шетелдік университеттермен ынтымақтасып, қос дипломдық бағдарламаларды ашу; студенттерді шетелде, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы аясында оқыту;

• болашақ мамандықтарын қалыптастыру — инженерия, басқару, IT, реттеу және техникалық қызмет көрсету салаларында біліктілігі жоғары мамандарға сұранысты қалыптастыру.

Вертипорттарды жобалау кезінде көліктің басқа түрлерімен үздіксіз интеграциялауға көбірек көңіл бөлінуде. Бұған тиімді көлік тораптарын құру үшін теміржол вокзалдарына, әуежайларға және ірі жол желілеріне іргелес жерлерде вертипорттарды дамыту кіреді.

Бұл тұрғыдан Алматы маңында салынып жатқан жаңа «ақылды» Алатау қаласы, сол сияқты ҚР-ның ең ірі оңтүстік мегаполисіне жақын орналасқан «Алатау» арнайы экономикалық аймағы ерекше назар аударуға тұрарлық. Онда аэромобильді шешімдерді қалалық және технопарк жағдайында сынауға болады. ҒЗИ, стартаптар, IT-компаниялар мен көлік институттарының болуы Алатауды пилоттық іске қосулар мен демонстрациялық жобалар үшін қолайлы алаңға айналдырады. 2025 жылғы 29 мамырда Astana International Forum аясында Proptech, LAE және UAM салаларындағы озық технологияларды біріктіретін технологиялық қалалық кеңістік ретінде Alatau City-дің әлеуетіне арналған Alatau City: The Future is Now панельдік сессиясы өтетінін айта кетейік. Талқылауға сарапшылар, инвесторлар, девелопер және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады.

Аэромобильді хабтар мен вертипорттар — жай ғана футуристік тұжырымдама емес, көлікті трансформациялаудың нақты құралы. Қазақстан үшін олар экономикалық өсудің, өңірлік дамудың және халықаралық интеграцияның драйверіне айналуы мүмкін. Белсенді урбанизация жағдайында және шалғай аудандармен көлік байланысының қажеттілігі жағдайында жетілген әуе мобильділігі мүмкіндіктер терезесін ашады және оны жіберіп алмау керек.