Алматыдағы қарқынды урбандалу: болжамдар, тәуекелдер және мәселені шешу жолдары

Қазақстан урбандалу жолымен жүріп келеді. Соңғы 10 жылда еліміздегі қала тұрғындарының үлесі 6 пайыздық тармаққа — 57,1%-дан 63,1%-ға дейін өсті. ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) мәліметі бойынша 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда 12,8 миллион қала тұрғыны мен 7,5 миллион ауыл тұрғыны бар. Егер еліміздегі қала халқының үлесінің өсу қарқыны алдағы жылдары өзгеріссіз қалса, онда бес жылдан кейін ҚР-дағы урбандалу деңгейі 66%-ға жақындайды деп болжауға болады.

Бірнеше жыл бұрын «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ (ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты ұйым) сарапшылары алдағы жылдарға демографиялық болжам жасады. Негізгі сценарий бойынша 2025 жылдың соңына қарай урбандалу деңгейі 62,6%-ға жетуі тиіс еді. Нақты деректер процестің талдаушылар есептегеннен де жылдам жүріп жатқанын көрсетеді. Есептеулерге сай 2030 жылға қарай қалаларда Қазақстан халқының 64,2%-ы, ал 2050 жылға қарай 69,4%-ы өмір сүретін болады.

Қазақстандағы урбандалу процесі бірнеше бағытта жүріп жатыр. Ауылдардан адамдар өз облысы ішінде, сол сияқты басқа аймақтарда үлкенірек елді мекендерге көшіп барады. Облыс орталықтары мен шағын қалалардан мигранттар мегаполистерге барады. Екі астана да ішкі көші-қон үшін тартымды жер болып қалады. Астанада құрылыс белсенді жүріп жатқандықтан астана үшін урбандалу процесі Алматыдағыдай келеңсіз салдарға әлі әкеле қойған жоқ. Біріншіден, Астанаға қарағанда еліміздің ең ірі мегаполисіне көбірек адам барады. Екіншіден, қала көптеген келуші үшін өмір сүру сапасының, тұрғын үйдің, инфрақұрылымның тиісті деңгейін қамтамасыз ете алмайды.

Соңғы 10 жылда Алматы халқының саны 42,8%-ға өсті. Егер 2014 жылы мегаполисте 1,6 миллион адам тұрса, 2025 жылдың басында алматылықтардың саны 2,3 миллионнан асқан. Оңтүстік астанаға жақын маңдағы Алматы облысының қалалары мен ауылдарының тұрғындары жұмысқа келетінін ескерсек, мегаполис халқының нақты саны жұмыс күндері 3 миллион адамнан асып кетеді. Алматы агломерациясындағы жалпы халық саны қазірдің өзінде 3,8 миллион адамнан асты.

Оңтүстік астана халқының саны бірінші кезекте көші-қон процестерінің есебінен өсіп отыр. Диаграмма бойынша Алматыдағы халық санының өсу қарқыны орташа республикалық деңгейден қаншалықты ерекшеленетіні көрсетілген. Көпжылдық динамика көрсеткендей, ҚР-да халық саны орта есеппен жыл сайын 1,3%–1,5%-ға өссе, Алматыда шамамен 3%-ға өседі. Бұл ретте пандемиядан кейін 2022 жылдың қорытындысы бойынша мегаполисте халық санының бірден 6%-ға өскені байқалды.

Сарапшылардың болжамы бойынша бес жылдан кейін Алматы агломерациясында 4,5 млн адам тұратын болады. Мұны Алматы үшін жақсы жаңалық деп айтуға болмайды. Халық санының өсу қарқынының жоғары болғаны соншалықты, қаланың өзі жаңа тұрғындар үшін кеңістігін дамытып үлгермей жатыр. Жағымсыз салдар агрессивті урбандалуға әкеледі, бұл кезде қалалық орта өмір сүруге жарамсыз бола бастайды. Бес жыл бұрын да Қазақстанда 2030 жылға дейінгі ҚР аумақтық-кеңістіктік дамуының Болжамды схемасын әзірлеген уақытта оның авторлары Алматы агломерациясындағы жоғары көші-қон деңгейінің теріс салдары бар екеніне назар аударған болатын. Олардың ішінде инженерлік және жол инфрақұрылымының тозуын, көліктердің көптігінен шамадан тыс экологиялық жүктемені айтуға болады.

Қаланың осылайша қарқынды демографиялық кеңеюінің тағы бір күрделі мәселесі — сапалық өсудің еңбек өнімділігіне сәйкессіздігі. Бұрын экономист Елдар Әбдіразақов әлемдегі урбандалудың екі үлгісінің анықтамасын келтірген болатын. Сәтті урбандалу деп өндіруші қалаларды атауға болады, оларда халық санының өсуімен олардың тиімділігі мен өнімділігі артады. Мұндай мегаполистерге Шэньчжэньді, Сан-Франциско, Нью-Йорк, Амстердам, Лондонды жатқызуға болады. Оған қарама-қарсы үлгі — тұтынушы қалалар, мұнда халық санының өсуімен өнімділік емес, әлеуметтік шиеленіс артады.

Міне, соңғы жылдардағы Алматыдағы еңбек өнімділігінің динамикасы мынадай. ҰСБ келтірген деректер бойынша Оңтүстік астанадағы еңбек өнімділігінің индексі 2024 жылы 2019 жылмен салыстырғанда 99,9%-ды құраған, яғни тіпті бес жыл бұрынғы деңгейге де жетпеген. Әңгіме жұмыспен қамтылған халықтың жұмысының құндық көлемі жайлы емес, еңбек ресурстарын пайдаланудың тиімділігі туралы болып отыр. Мәселен, компанияларда өнімділік индексі персоналдың қаншалықты тиімді жұмыс істей бастағанын, ұжымның қаншалықты көп ақша әкеле бастағанын түсіну үшін қолданылады. Сонымен, жалпы Алматы үшін 2024 жылы бүкіл қаладағы жұмыспен қамтылған халықтың жұмысы 2019 жылмен салыстырғанда бұрынғыдан тиімді болған жоқ. 2020–2022 жылдары да осындай жағдай болды. 2023 жыл ғана ерекшеленіп, қаладағы еңбек өнімділігінің біршама — 3,7%-ға өскені байқалды.

Оңтүстік астана экономикасының сервистік сипаты Алматыдағы еңбек өнімділігі экономикалық қызметтің тиісті түрлерінде жоғары болуы тиіс екенін көрсетеді. Мұны есептер де растайды. 2024 жылы Алматыда еңбек өнімділігінің ең жоғары көрсеткіші «Басқа қызмет түрлерін көрсету» санатында (яғни, негізгі макросанаттарға кірмейтін алуан түрлі қызметтер) тіркелді: 43,5 млн тг. Екінші орынға қаржы және сақтандыру саласы жайғасты: 42,3 млн тг. Сондай-ақ сауда секторында (36,1 млн теңге) және ақпарат пен байланыс сегментінде (32 млн теңге) жоғары көрсеткіштер байқалды.

Алматыдағы халық санының одан әрі өсуімен еңбек өнімділігі де артады деп болжауға бола ма? Қаланы дамытудың экономикалық бағытын, жер телімдерінің тапшылығы мен тығыз салынған құрылысты ескеретін болсақ, бұл даулы мәселе.

Алматы агломерациясының одан әрі демографиялық өсуі экономикалық тиімділікті арттырған жағдайда ғана ақталуы мүмкін. Үлкен, тар мегаполисте бұған тағы бір мегаполис қана көмектесе алады. Дәл осы мақсатта Алматының маңында жаңа «ақылды» Алатау қаласы салынуда, ол келушілерге жаңа тұратын жер ғана емес, сонымен қатар жайлы қалалық орта және экономикалық дамуды ұсына алады. Өйткені, барлық ішкі мигранттар Алматы маңындағы ауылдарға көшуге келісе бермейді ғой. Адамдарға жайлылық — жақсы мектептер, ауруханалар, жұмысқа жақын орналасқан баспана қажет. Бұл қажеттіліктерді мүмкіндіктері жағынан Оңтүстік астанаға ұқсас қалаға қоныс аудару ғана қамтамасыз ете алады. Алатау — Алматының жаңа өсу нүктесі ғана емес, сонымен бірге оның тәуекелдерін тұрақтандырушы және экономиканың драйвері.