Қазақстандық өндірушілер сертификат рәсімдеуге асықпайды

Қазақстандық өндірушілер сертификат рәсімдеуге асықпайды

 

Қазақстан Еуропалық Одақ елдеріне органикалық өнім жеткізушілердің ондығына енді. Бірақ ішкі нарықта азық-түлік өнімдерін сертификаттау жағы көңіл көншітерлік емес. Қазақстандық техникалық регламентпен экологиялық таза немесе органикалық өнім өндіргісі келетіндер көп емес. Дәнді дақыл мен көкөністі пестицидсіз, етті антибиотиксіз өсіру қиын және қымбат.

Ал ҚР Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ұлттық аккредиттеу орталығының сарапшылары Қазақстанда гринвошинг (ағылшынша greenwashing, whitewash деген секілді — «ағарту», кейде «жасыл камуфляж») үрдісінің кең етек тарап жатқанын мәлімдейді. Сертификатталмаған немесе органикалық екендігі дәлелденбеген болса да, компаниялар өнімдеріне Bio және Organic заттаңбасын жабыстырады.

 

 

Сыртқы нарықтарға сатуға келетін болсақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстан Еуропаға органикалық өнімдерді жеткізу бойынша халықаралық рейтингте алдыңғы орындарда. 2021 жылы еліміз органикалық бидай жеткізуден төртінші орында, зығыр тұқымын жеткізуден алтыншы орында болды. «QazTrade» АҚ мәліметінше, 57 қазақстандық жеткізуші made in Kazakhstan ауыл шаруашылығы шикізатының жоғары сапасын растап, шетелдік экосертификаттарды алған.

Былтыр Қазақстаннан Еуропаға органикалық ауыл шаруашылық шикізатын жеткізу ақшалай түрде үш есеге жуық, яғни 12,5 млн АҚШ долларынан 36 млн АҚШ долларына дейін өсті. Мұның 36,6%-ы (13,2 млн АҚШ доллары) ЕО елдеріне бидай сатудан, тағы 34,7%-ы (12,5 млн АҚШ доллары) майлы зығыр тұқымын сатудан түскен.

 

 

Дүниежүзілік сауда алаңындағы жетістіктер Қазақстанның ішкі тұтыну нарығына әсер етер емес. Бұл ең алдымен ҚР-да экологиялық таза немесе органикалық өнімдерді міндетті сертификаттауға қойылатын талаптардың жоқтығынан. Бұл процесс «ҚР-дағы органикалық өнімдерді өндіру туралы» заңға сәйкес ерікті болып саналады және сұранысқа ие емес.

Қазақстанда компанияны Organic стандарттары бойынша сертификаттай алатын екі ұйым бар — ҚР Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы және Дүниежүзілік органикалық ауыл шаруашылығы қозғалысы ұйымының мүшесі Qazaq Bio Control жеке компаниясы. Компания сайтындағы мәліметтерге қарағанда, қазір тек төрт компания сертификат алу рәсімінен өтіп жатыр. Олардың екеуі («Успенское» ШҚ және «Алтын-нан» ЖШС) Қостанай облысында, үшіншісі («Еңбек» ЖШС) Ақмола облысында, төртіншісі («Organic village» ЖШС) Алматы облысында. Барлығы өтпелі кезеңде. Бұл аккредиттеу сарапшылары осы шаруашылықтардағы және өндірістегі органикалық егіншілік стандарттарының сақталуын тағы бір жыл бақылайды деген сөз.

 

 

«QazTrade» АҚ мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің сарапшылары компаниялардың органикалық заттар өндіруге деген қызығушылығының төмендігін айтады. Бұл мәселенің баяу дамуының бірнеше себебі бар. Негізгі фактор — экономикалық. Органикалық өнімдерге ұлттық сапа белгісін алу үшін заңның барлық нормаларын сақтау қажет.

Мысалы, пестицидтерді, гормондарды, антибиотиктерді, гидропоникаларды (көкөністерді жылыжайда өсіруге арналған субстрат) пайдаланудан бас тарту керек. Бұл талаптар егіс алқаптары, ветеринария, құрал-жабдықтар құнының өсуіне әкеледі. Қосымша шығындар өз кезегінде өнімнің ақырғы өзіндік құнын қымбаттатып, оның бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.

Сондай-ақ, импорттық және отандық өнімдерді гринвошинг жасаудың өркендеуімен Organic сертификатын алу қазақстандық өндірушіге артықшылық бермейді маңызды, өйткені тұтынушы өнімнің шынымен де Organic, Bio заттаңбасына сай органикалық өндірісте өндірілген-өндірілмегенін анықтай аламайды. ҚР-да да, ЕАЭО-да да органикалық компаниялардың жаңартылған тізілімі жоқ. Ал елдегі мемлекеттік органдар шын мәнінде әрекетсіз отыр. Мемлекеттік компаниялардың ешқайсысы экологиялық маркалардың сәйкестігін тексеріп, бақылап отырған жоқ. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП алаңындағы Organic жобалық кеңсесінің отырысында ҚР-дағы органикалық өндіріс проблемаларын талқылау барысында айтылды.

 

 

Қазақстанда органикалық өнімдер стандартынан басқа қауіпсіздік стандарттарына сәйкестіктің техникалық регламенті — экологиялық таза өнім сертификаты да бар. Егер ауыл шаруашылығында органикалық талаптар қатаң және инвестицияны қажет ететін болса, стандартты экосертификат алудың мұндай қатаң стандарттары жоқ. Ең бастысы, өнімде зиянды компоненттердің, ауыр металдардың және т. б. жоқтығын тексеру қажет.

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2017–2021 жылдары Қазақстанда 18 азық-түлік түріне экологиялық таза өнім сертификаты берілді, оның жартысы жоғары өңделмеген тауарлар. Негізінен бұл мал шаруашылығы өнімдері. Осылайша, осы бесжылдықта сертификатталған құс еті өндірісі тұрақты өсім көрсетті. 2021 жылы осындай экоқұжаттары бар кәсіпорындар 63,6 мың тонна құс еті өнімдерін өндірді (2017 жылдағыдан 8,1% көп).

Тұрақты өнім көлемі йогурт пен кілегей, ірімшік және сүзбе сататын өңдеушілерде де байқалады.

Тауарлардың сегіз санаты бойынша 2019 жылдан бастап экосертификаттармен өндіріс жүргізілмейді. Олардың ішінде кондитерлік өнімдер, балмұздақ, нан, ұн, дайын тағамдар, сусындар сияқты күрделі, шикізаттық емес өнімдер бар.