Азот тыңайтқыш өндірісі бір жылда 8%, фосфор тыңайтқыш 8 есе азайды

Азот тыңайтқыш өндірісі бір жылда 8%, фосфор тыңайтқыш 8 есе азайды

 

2023 жылдың қаңтар–наурыз айларында Қазақстанда 104 мың тонна азот тыңайтқыштары өндірілді, бұл бір жыл бұрынғыдан 7,6% аз. Фосфор тыңайтқыш өндірісі бір жыл бұрын 48,7 мың тонна болса, енді бірден 8,2 есе, яғни 5,9 мың тоннаға дейін қысқарды.

Азот тыңайтқыш өндірісінің негізгі көлемі дәстүрлі түрде Маңғыстау облысына тиесілі. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, мұнда 101,9 мың тонна тыңайтқыш өндірілді, бұл ҚР-дағы жалпы көлемнің 98%-ын құрады. Еске салайық, облыста ең ірі компания «ҚазАзот» АҚ жұмыс істейді.

Фосфор тыңайтқыш өндірісінде Жамбыл облысы көшбасшы: 4,6 мың тонна, бір жыл бұрын 46,3 мың тонна болған. Облыста алып «Қазфосфат» ЖШС жұмыс істейді. Былтыр жыл соңында зауыт жұмысшылары ереуілге шықты. Нәтижесінде 2023 жылдың қаңтарында олардың жалақысы көтерілді. Шілде айында тағы да жалақы көтеріледі деп күтілуде.

Жалпы, 2022 жылғы қаңтар–желтоқсанда азот тыңайтқыштары өндірісі 1,7%, 437,7 мың тоннаға, фосфор 29,4%, 138,1 мың тоннаға дейін төмендеді.

 

 

Биыл қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша, жергілікті компаниялар азот тыңайтқыштарына деген сұранысты (ішкі нарықтағы сату және экспорт) 56,9% қамтамасыз етті, былтыр осы уақытта 71,5% қамтамасыз еткен. Осы кезеңде өндіріс 6,4%, 72,2 мың тоннаға дейін төмендеді. Елімізге 54,6 мың тонна тыңайтқыш әкелінді, бұл бір жыл бұрынғыдан бірден 77,9% артық. Ішкі нарықта 120,4 мың тонна тыңайтқыш сатылды, бұл бір жыл бұрынғыдан 45% артық.

Фосфор тыңайтқыш елге іс жүзінде импортталмайды, ал жергілікті өндірістің құлдырауы салаға өте жағымсыз әсер етті: мысалы, ҚР ішкі нарығында фосфор тыңайтқыштарды сату бірден 7,1 есе қысқарып 4,3 мың тонна ғана болды.

 

 

ФАО мәліметінше, 2020 жылы Бахрейн әлемде ең көп тыңайтқышты пайдаланды: әр гектар жерге 386,7 кило. Үздік бестікке Египет, Нидерланд, Люксембург және Ирландия да кірді.

ТМД елдерінде ең аз тыңайтқыш Қазақстанда қолданылған: гектарына небәрі 2,5 кило. Салыстыру үшін: Арменияда бұл көрсеткіш 178,8 кило, Өзбекстанда — 162,5 кило, Түркіменстанда — 144 кило, Әзірбайжанда — 90,1 кило, Беларусьте — 80,2 кило, Тәжікстанда — 68,4 кило, Украинада — 50,8 кило, Қырғызстанда — 19 кило, Ресейде — 15,5 кило.