Елімізде қант өнеркәсібінің негізгі мәселелері шешілмейінше импорттаушыларға тәуелді боламыз

Елімізде қант өнеркәсібінің негізгі мәселелері шешілмейінше импорттаушыларға тәуелді боламыз

 

Соңғы бес жылда Қазақстанда қант қызылшасы егістігі биыл алғаш рет екі есеге жуық — 10,2 мыңнан 19 мың гектарға ұлғайды. Өсім 87,1%. Өткен жазда Қазақстанда болған қант дағдарыстан кейін оның егістік алқабы күрт ұлғайтылды. Импорттағы кедергілер де ішкі өндірісті дамыту керектігін көрсетті. Дереу 2022–2026 жылдарға арналған қант өнеркәсібін дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Онда Қазақстанда отандық шикізатты өңдеу есебінен ішкі нарықты қантпен қамтамасыз ету небәрі 7% екені айтылған (2021 жылғы мәлімет). Қалғаны — өңдеуге арналған импорттық шикізат және импортталған дайын түйіршіктелген қант.

Жоспарды дайындаған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қант қызылшасының тапшылығын жыл сайын егіс алқабын кемінде 6,5 мың гектарға ұлғайту арқылы шешуді ұсынып отыр. Жалпы 2026 жылға қарай қызылша егістігі 38 мың гектар болуы тиіс. Ол үшін әлі де көп жұмыс істеу керек, өйткені Қазақстанда құрғақ климатқа байланысты қант қызылшасын суармалы егістіктерде өсіру қажет, бұл мәселеде бізде қиындықтар бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарының айтуынша, су тапшылығы, суару желілерінің тозуы және басқа да күрделі инфрақұрылымдық мәселелер суармалы егістік алқаптарының ұлғаюына кедергі болып отыр.

Жоспарда алдағы үш жылда елімізде ылғал үнемдеу технологиялары бар егіс алқабы көбеймек. Ал шаруаларды суару суымен қамтамасыз ету үшін билік жер асты суы кен орындарына қосымша барлау жұмыстарын жүргізіп, суару желілерін қайта құру арқылы ысырапты жою жұмыстарын жоспарлаған.

 

 

Диқандардың өздері қызылша алқабын 120–150 мың гектарға, яғни министрліктің жоспарлы көрсеткішінен кемінде үш-төрт есеге арттыру арқылы ғана қант өнеркәсібін шикізатпен толық қамтамасыз етуге болады деп есептейді. Мұндай мәліметтерді АШМ жарияланған жоспарына жауап ретінде АӨК Қазақстан іскерлік кеңесінің басқарма төрағасы Қанат Әбілмағжанов жоспарға берген түсіндірмесінде келтірді. Оның айтуынша, оңтүстіктегі ауылшаруашылық жерлерді тек қант қызылшасына ғана пайдалануға болмайды, өйткені онда солтүстіктің климатына төзбейтін жоғары рентабельді жеміс-жидек дақылдары да егілуі керек. Ал қызылшаны орталық, шығыс және солтүстік өңірлерде де өсіруге болады, ол өңірлерде бос жерлер бар. Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында қазірдің өзінде тәжірибелік егіс жұмыстары жүргізілді.

Алайда, қызылшаны солтүстік облыстарда өсірген жағдайда, ол жерде дереу қант кластерлерін құру қажет болады. Егіншілік пен өңдеу бір жерде болуы керек, өйткені қызылшаны тиеу және түсіру кезінде өнім бүлініп, шығындалу қаупі бар. Сол үшін қызылшаны тасымалдау қажет емес. Оның үстіне тасымалдау қымбатқа түседі.

Тиісті ведомство мамандарының берген жауабына сүйенсек, АШМ алдағы уақытта қызылша егістігін көбейтуді жоспарлап отыр. Нұсқалардың бірі — «Ертіс-Қарағанды» арнасына жақын аумақ.

 

 

Бұл арада ылғал сүйгіш дақылға су тапшылығы мен суарудың қымбаттығы қызылша шаруашылығын тиімсіз етеді. Жамбыл облысы «Әулие-Ата» қызылша өсірушілер қауымдастығының төрағасы Саха Манатов республикалық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында 2021 жылы суармалы су мәселесіне байланысты оның компаниясы 220 гектар жердегі қант қызылшасының өнімін толығымен жоғалтқанын айтты. Сондықтан келесі жылы егін алқабын үш есеге жуық қысқартқан.

Статистика көрсеткендей, қант қызылшасының егістік алқаптарының жалпы қысқаруы былтыр 30%, ал бір жыл бұрын тағы 4,5% болды. Бұл өз кезегінде қызылшаның жалпы өнімінен көрінді — көрсеткіш төрт жыл қатарынан азайды. 2022 жылы қызылша түсімі 305,7 мың тоннаны құрады, бұл өткен маусыммен салыстырғанда 8% аз. Ал былтырғы түсім төрт жыл бұрынғы ең жоғары көрсеткіштен 40% азайды. Еске салсақ, 2018 жылы 504,5 мың тонна қызылша жиналған.

 

 

ҚР-да 305,7 мың тонна қызылша жиналып, 281,8 мың тонна қант өндірілген. Өңдеудің пайызы жоғары екен десеңіз қателескерніңіз. Қызылша — дайын өнімнен төмен өнім беретін дақыл. Демек, бір тонна қызылшадан 100–150 кило ғана қант алуға болады. Демек, 305,7 мың тонна шикізатты өңдеуден 34 мың тоннадан сәл ғана артық қант алуға болады (есеп). Қазақстандағы қанттыңы негізгі бөлігі импорттық шикізаттан өндіріледі.

Осы себепті қант өндірісінің көрсеткіштері ауыл шаруашылығы статистикасымен сәйкес келмейді: қант қызылшасының көрсеткіштері төмендеп жатқанымен, соңғы екі жылда Қазақстанда өңдеу секторында өсім байқалады. 2022 жылы, жоғарыда айтылғандай, қазақстандық төрт қант зауыты 281,8 мың тонна қант өндірді, бұл бір жыл бұрынғыдан төрттен бірге көп. 2021 жылы ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы көрсеткіштің 60,9% өскенін хабарлады. Өндіріс қазақстандық шикізат есебінен көбеймегені анық.

Биыл бірінші тоқсанда елімізде түйіршіктелген қант өндірісі 67,7 мың тоннаны құрап, 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 76,2% өсті.

 

 

Сырттан әкелінетін шикізатты қосқанда да отандық өндіріс қазақстандықтардың қажеттілігінің 50,8%-ын ғана қамтамасыз етеді. Шетелдік жеткізушілер түйіршіктелген қанттың қажетті көлемінің 49,2% импорттайды. Осылайша, Қазақстан қант өнеркәсібіндегі азық-түлік тәуелсіздігі туралы әлі айтудың қажеті жоқ, сондықтан биыл жазда Қазақстанда тағы қант тапшылығы болуы мүмкні, ол басқа елдердегі саясаткерлердің шешімдеріне тікелей байланысты. Біздің елімізге қантты негізгі жеткізуші РФ. Дәл осы Ресей билігінің қант экспортына уақытша тыйым салу туралы қаулысы ҚР-дағы тапшылыққа және қымбатшылыққа әкелгені есімізде. Ресей тарапынан мұндай шектеулер биыл жазда да енгізілетіні туралы ресейлік БАҚ-та айтылмаған. Қазір көрші елде түйіршіктелген қантқа шамадан тыс сұраныс жоқ және баға салыстырмалы түрде тұрақты.

Дегенмен, соңғы мәлімдеме Қазақстанға да қатысты. Мамыр айында елдегі қант бағасының жыл сайынғы өсуі соңғы уақыттағы ең төмен көрсеткіш — бар болғаны 1% болды. Өткен айлар азық-түлік инфляциясының барлық рекордтарын басып озды. Мәселен, былтыр тамызда тапшылық кезінде бағаның жылдық өсімі 91,9%-ға жеткен.

Сонымен қатар былтыр жазда ҰСБ сарапшылары түйіршіктелген қанттың бөлшек саудадағы ең жоғары бағасын тіркеді: килосына 555 теңгеге дейін. Тұтынушылардың сөзіне қарағанда, бөлшек сауда дүкендерінде қант бағасы 900 теңгеге жеткен, деп жазды Tengrinews.kz. Бұл туралы парламент мәжілісі депутаттарының премьер-министрдің орынбасарына жолдаған сауалында айтылған. Қазір жағдай тұрақтанды. Соңғы мәліметтер бойынша, маусымның ортасында қанттың орташа бағасы (әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы бойынша жедел деректер) килосына 444 теңге болды.