Металлургиялық алыптар жүйе құраушы жобаларды іске қосуда: ТМК-ға салынған инвестиция қазақстандық өнеркәсіп салымдарының рекордтық 20%-ына жетті

Ағымдағы жылдың он айында Қазақстанның тау-кен металлургия кешенінің (ТМК) кәсіпорындары саланы дамытуға шамамен 1,1 трлн теңге инвестиция құйды. 2023 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда, жағдай өзгере қойған жоқ, сектордағы қаржы салу ағыны бұрынғыдай жоғары.

ТМК — Қазақстан экономикасының мықты инвестициялық драйвері. Мәселен, ел өнеркәсібіне салынған инвестицияның жалпы сомасына шаққанда металл кендерін өндіруге және өңдеуге салынған инвестицияның жиынтық үлесі 20%-ды құрады, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда, 3 пайыздық тармаққа артық. Сонымен қатар, бұл соңғы бірнеше жылдағы рекордтық көрсеткіш болып табылады.

Ағымдағы жылдың қаңтар–қазан айларында металл кендерін өндіруге 697,5 млрд теңге инвестиция құйылды, ал бұл — тау-кен өндіру секторына салынған барлық салымдардың бірден 24,5%-ы. Айта кетерлігі, соңғы жылдары қара және түсті металдар кеніштерін игеріп жатқан компаниялар күрделі салымдарды жыл сайын ұлғайтып отырды. Мысалы, 2023 жылы осы сегменттегі негізгі капиталға салынған инвестиция 878,7 млрд теңгені, 2022 жылы 689,2 млрд теңгені, 2021 жылы 631,5 млрд теңгені құрады, тіпті, 2020 жылы орын алған «коронадағдарыстық» кезеңде де аз ақша құйылмады, 590,4 млрд теңге салынды.

Металлургия өндірісіне салынған күрделі инвестиция да жүздеген миллиард теңгені құрайды. Өнеркәсіптік жаңартуға салынған ең үлкен сомалар 2022 және 2023 жылдары белгіленді. Ағымдағы жылдың он айында қуаттылыққа, сондай-ақ қара және түсті металдарды өндіру және қайта өңдеу зауыттарына салынған инвестиция 398,9 млрд теңгеден асты, бұл — өңдеу өнеркәсібінің барлық инвестициялық портфелінің 29,6%-ы.

Азық-түлік, темекі өнімдері, қағаз және ағаш бұйымдары, жиһаз, электр жабдықтары өндірісіне, автоөнеркәсіпке және жеңіл өнеркәсіпке қарағанда, металлургия көп инвестицияны қажет етеді, ТМК-ның ауқымы кең. Тау-кен өнеркәсібіне келетін болсақ, мұнай-газ саласынан бөлек, металл кендерін өндіру жалғыз ірі инвестициялық магнит болып табылады.

Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес металлургиядағы ірі өнеркәсіптік жобалар шикізат секторына қарсы жоғары сапалы дайын өнімді өндіру және экспорттау үшін жоғары қайта бөлу кластерлерін құруға негіз болды.

Мұндай жобалардың қатарына биыл 30 жасқа толатын Eurasian Resources Group (ERG) халықаралық компаниялар тобына кіретін «„Қазхром“ ТҰК» АҚ-ның «Болашақ» атты жаңа шахтасын іске қосуын жатқызуға болады. «Болашақ» келешекте жылына 7,5 млн тоннаға дейін хром кенін өндіретін болады, бұл Қазақстанға ферроқорытпа нарығында көшбасшы позициясын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Шахта «Миллионное» және «Алмаз-Жемчужина» сияқты екі кен орынын игереді.

ERG шахтаның құрылысына және оны жобалық қуаттылыққа шығаруға 2 млрд АҚШ долларынан астам қаражат құйяды. 1,8 мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Болашақта бұрғылау бағдарламасын орындаудың автоматты режимі бар және жерде тұрып қашықтан басқару мүмкіндігі бар жоғары өнімді «ақылды» бұрғылау қондырғыларын, сондай-ақ машинистің басқаруын қажет етпейтін толық автоматтандырылған көтергіш машинаны пайдалану жоспарлануда. Мұның бәрі әрбір қызметкердің қауіпсіздігін және жұмыстың өнімділігін айтарлықтай арттырады.

Сондай-ақ, ERG құны 137 миллион АҚШ доллары тұратын арнайы кокс шығаратын өз зауытын салды, бұл қазірдің өзінде кокс импортын төмендетуге мүмкіндік беріп отыр және болашақта компанияға кокстелетін көмірмен тек өз өндірісін ғана емес, басқа да ТМК кәсіпорындарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі және болашақта жүзеге асырылатын ірі инвестициялық жобаларға тағы бір мысал ретінде Қазақстанға қайтарылған Qarmet-ті келтіруге болады, ол бүгінде Қарағанды облысындағы «Qazaqstan Steel Group» ЖШС комбинатын жақсарту бойынша дайындық жұмыстарына кірісіп кетті. Ондағы техникалық жаңарту жұмыстары кем дегенде үш жылға созылып, 2028 жылы аяқталады. Ал осы уақытқа дейін инвесторлар болат балқыту көлемін жылына 3 млн тоннадан 5 млн тоннаға дейін ұлғайту жобасына шамамен 3,5 млрд теңге салады.

Kaz Minerals-тың жаңа жобасы болып табылатын Абай облысында салынып жатқан заманауи мыс балқыту зауытын да айта кетуге болады. Бұл қытайлық инвесторлармен, NFC компаниясымен бірлесіп жасалатын жұмыс болмақ. Кәсіпорынды құруға жұмсалатын болжамды инвестиция көлемі 1,5 млрд АҚШ долларына тең. Құрылыс жұмыстары 2028 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Бейінді министрлік заңнаманы жетілдірудің және әкімшілік кедергілерді азайтудың арқасында өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындары мен ірі тау-кен компаниялары бастапқы алюминий мен мыс шикізатын ішкі өңдеуді қамтамасыз ететін 25 келісімге қол қойғанын хабарлады. Мысалы, 2023 жылы алюминийді қайта өңдеу көлемі 51 мың тоннаны құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда, 20%-ға және 2021 жылмен салыстырғанда, бірден 70%-ға көп. 2024 жылы қайта өңдеуді 72 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда.

Болашақта жүзеге асырылатын осы жобалардың барлығы Қазақстанда өндірілетін металл кендерінің көлемін ұлғайтуға және оларды қайта өңдеу көрсеткіштерін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта, ағымдағы жылдың он айында ТМК шығару көлемі құндық мәнде 11,3 трлн теңгеге жетті, ал 2023 жылдың дәл осындай кезеңінде бұл көрсеткіш 9,8 трлн теңгені құраған еді. Оның ішінде металл кендерін өндіру құны 3,6 трлн теңгені, ал металлургия өнеркәсібі бірден 7,6 трлн теңгені құрады.

Қазақстандық өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміне шаққанда ТМК өндірісінің үлесі бір жыл ішінде 25,6%-дан 28%-ға дейін өсті.

Айта кетерлігі, аталған салада проблемалар да жоқ емес: заманауи жабдықтар шетелдік өндірушілерден сатып алынатыны анық және ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты олардың бағасы да айтарлықтай қымбаттайды; көрші Ресей еліне салынған санкциялар ҚР өндірушілеріне де бөгет болатыны рас (мысалы, РФ-дағы санкциялық шектеулерге байланысты қазақстандық металлургтер темір рудасы мен оның түйіршіктерін сатуда қиындықтарға тап болды). Сондай-ақ, геосаяси дағдарыс пен жалпы әлемдегі құбылмалы жағдай ТМК саласына, жалпы Қазақстан экономикасына белгілі бір қолайсыздықтар келтіреді. Десе де, секторға салынатын инвестиция да, өндіріс те күн санап ұлғаюда, ал кәсіпорындар барлық қиындықтарға қарамастан, келешекте тек өркендеп-дамуды жоспарлап отыр.