Өзекті мәселе: Қазақстанда электр энергиясының тарифі қалай құралады?

ҚР халқы үшін электр энергиясының құны неден құралады? Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың тариф құрылымы қандай екенін қарастырайық.

Алдымен бүгінгі таңда Қазақстанда бағаны мемлекеттік реттеу энергиямен жабдықтау қызметін көрсететін 34 кәсіпорынға қолданылатынын түсіндіре кетейік.

Осы реттелетін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың тарифі үш негізгі компоненттен тұрады:

• 61% — Бірыңғай сатып алушыдан қуат пен электр энергиясын сатып алуға жұмсалатын шығындар;

• 34% — электр энергиясын беру тарифтері;

• 5% — жабдықтау үстемеақысы.

Бірыңғай сатып алушы дегеніміз кім? Әңгіме ҚР Энергетика министрлігінің «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС жайлы болып отыр. Оның қызметі тиісті заңмен реттеледі.

Тарифтерге және халық үшін оларды тежеу жүйесіне оралайық. Қазақстандықтарға түсетін қаржылық жүктемені азайту үшін халық үшін тарифтер өзіндік құннан (шекті бағадан) төмен мөлшерде белгіленеді. Бұған бағаның өсуіне байланысты негізгі жүктемені заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдарға қайта бөлу есебінен қол жеткізіледі.

Тағы бір маңызды жайтты атап өтейік: «Электр энергетикасы туралы» Заңға сәйкес тұтынушылар электр энергиясын сараланған тарифтер бойынша төлеуге құқылы. Яғни, тұтынушылардың әр тобы үшін тарифтер олардың тұтыну ерекшеліктерін ескере отырып есептеледі. Бұл энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға тұтынушының санатына қарай бөлшек сату бағасын белгілеуге мүмкіндік береді, бұл шығынды неғұрлым әділетті бөлуге ықпал етеді.

Баға Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларының негізінде есептеледі.

Жалпы алғанда, Қазақстан дәстүрлі түрде электр энергиясының бағасы төмен елдер когортасына кіреді, ал халық үшін тарифтерді саралау бұл көріністі тіптен жақсартады.

Мәселен, Global Petrol Prices мәліметтері бойынша, мониторинг жүргізілетін 147 елдің ішінде ҚР 1 кВт∙сағ үшін 0,046 АҚШ долларын құрайтын электр энергиясының құнымен 24-ші орында тұр. Бұл тұрғыдан үздік 30 елдің қатарына сонымен қатар көршілеріміз — Өзбекстан (0,023 АҚШ доллары), Әзірбайжан (0,047 АҚШ доллары) және Ресей (1 кВт∙сағ үшін 0,051 АҚШ доллары) кіріп отыр.

Ал ТМД-ның басқа (оның ішінде бұрынғы) елдерінде жағдай айтарлықтай нашар. Мысалы, Беларусьте халық үшін электр энергиясының құны 1 кВт∙сағ үшін 0,075 АҚШ долларын, Арменияда — тіпті 0,109 АҚШ долларын, Молдовада — 0,131 АҚШ долларын құрайды.

Сарапшылар зерттеген мемлекеттер бойынша орташа баға 1 кВт∙сағ үшін 0,152 АҚШ долларын құрады. Яғни, қазақстандықтар электр энергиясы үшін дүние жүзіндегі орташа көрсеткіштен 3,5 еседей аз төлейді.

Электр энергиясы үшін ең жоғарғы баға Италияда (1 кВт∙сағ үшін 0,431 АҚШ доллары), Кайман аралдарында (0,433 АҚШ доллары) және Бермуд аралдарында (0,458 АҚШ доллары) тіркелді. Толығырақ инфографикада келтірілген.