Қазақстан онлайн-қызметтер индексі бойынша үздік 10 елдің қатарына кіреді

БҰҰ деректері бойынша, Қазақстан интернет арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын бағалайтын онлайн-қызметтер индексі (Online Service Index) бойынша әлемдегі ең үздік 10 елдің қатарына кіреді. Бұл көрсеткіш қызметтер спектрінің кеңдігін, сол сияқты азаматтардың өтініштерді беруін және қорытынды нәтижелерді алуын қоса алғанда, онлайн-өзара іс-қимылдың толықтығын да көрсетеді.

2024 жылы рейтингте ең жоғары баға (1) алған Оңтүстік Корея көш бастап тұрса, Эритрея ең төменгі көрсеткішпен (0) тізімнің соңына жайғасты.

Қазақстан алғашқы ондықты тұйықтап, құрметті 10-шы орынға ие болды және өзінің технологиялық жетістіктерімен әйгілі ел — Жапониядан сәл ғана артта қалды.

Салыстыру үшін: ТМД және Орталық Азия елдері арасында ең жақын нәтиже 53-ші орында тұрған Арменияда. Ресей 56-шы, Өзбекстан 59-шы, Қырғызстан 89-шы жолға орналасса, Түрікменстан аутсайдерлер арасында қалып, 172-ші орынға тұрақтады. Толығырақ — инфографикада.

Қызметтерді тиімді цифрландырудың жақсы мысалдарының бірі — ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті (ТМРК) ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп өткізген табиғи монополиялар субъектілерінің (ТМС) инженерлік желілеріне қосылу үшін техникалық шарттарды (ТШ) беру процесін автоматтандыру.

Енді инженерлік желілерге қосылу үшін ТШ-ны «Монополист» базасының жаңа нұсқасы арқылы алуға болады. Процесті автоматтандыру және цифрландыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмайды және қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша алуға мүмкіндік береді.

Оның механикасы мынадай:

• «Монополист» базасында «Техникалық шарттарға сұрау салу» бөліміне өту қажет.

• ары қарай пайдаланушы Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне («МҚК» ААЖ) бағытталады.

• «МҚК» ААЖ-да бүкіл республика бойынша картографиялық деректер бар, олар арқылы тұтынушы таңдаған радиуста қосылу үшін бос қуаты бар станцияларды анықтауға болады.

• тұтынушы ТШ-ны «Монополист» базасындағы жеке кабинеттен немесе «МҚК» ААЖ жүйесінен ала алады.

Сондай-ақ қызметті электрондық үкімет порталы арқылы немесе ТМС кеңсесіне хабарласу арқылы алу көзделген.

Әңгіменің не жайлы болып жатқанын, бұл қандай техникалық шарттар екенін және оларды не үшін алу керектігін түсіндіре кетейік. Қазақстанда электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру сияқты реттелетін ТМС-ның реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тең қол жеткізуді қамтамасыз ететін ережелер қолданылады. ТШ тұтынушыларды тиісті инженерлік желілерге қосу үшін қажетті міндетті техникалық талаптарды білдіреді.

Өтінім заңда белгіленген нысанда аталған ережелерде көрсетілген құжаттармен бірге беріледі.

Өтінім берілгеннен кейін ТМС оны қарастырып, төмендегі екі шешімнің бірін қабылдайды:

• ТШ беру;

• оларды беруден бас тарту.

Бұл ретте бас тарту келесі себептерге байланысты болуы мүмкін:

• қолжетімді қуаттардың немесе желілердің өткізу мүмкіндігінің болмауы;

• қызметті көрсету үшін қажетті желілердің немесе мүліктің болмауы.

ТШ мына жағдайларда:

• жаңа немесе реконструкцияланатын объектілерді қосқан кезде;

• бұрын қосылмаған объектілерді қосқан кезде;

• тұтынушының қондырғыларын қайта құрылымдауға немесе кеңейтуге байланысты тұтынылатын қызметтер көлемі өзгерген кезде;

• техникалық параметрлер өзгерген кезде (мысалы, электрмен жабдықтау схемалары, сенімділік санаттары және т. б.) беріледі.

Бұл шаралар инженерлік желілерге қосылу процесінде ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз етеді.