Қазақстанның өнеркәсіптік саясаты: инвестициялар, өндіріс қуатының игерілуі және ел ішіндегі құндылық үлесі

Инвестициялардың бағыты өңдеу секторына, логистика мен қаржы саласына қарай ойысып келеді

Қазақстанның экономикалық күн тәртібінде өнеркәсіптік саясат мәселесі қайтадан алдыңғы қатарға шықты. Мемлекет субсидиялар мен жеңілдетілген кредиттерден бастап, индустриялық аймақтар мен оқшаулау бағдарламаларына дейін өндірісті қолдау тетіктерін кеңейтіп жатыр. Алайда бұл шаралардың тиімділігі түптеп келгенде бюджет шығыстарымен ғана емес, жалпы елдің жаһандық бәсекедегі орнын сақтап қалу қабілетімен және азаматтардың әл-ауқатына тигізер ықпалымен де өлшенеді.

ҚР-да өнеркәсіптік саясаттың қаншалықты табысты дамып жатқанын өзге елдермен салыстыру арқылы бағамдауға болады. Осы тұрғыдан алғанда, Менеджментті дамытудың халықаралық институты (IMD) сарапшылары биыл ұсынған көпдеңгейлі рейтингтің көрсеткіштері айрықша маңызға ие. IMD World Competitiveness Ranking 2026 рейтингінде Қазақстан 65,4 балл жинап, 70 елдің ішінде 38-орынға тұрақтады әрі осы тізімге енген ТМД мен Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет атанды.

Қорытынды нәтиженің құрылымы мемлекет пен бизнестің өзара ықпалдастығы аясында экономиканы басқару тетіктерінің қаншалықты тиімді екенін айқын көрсетеді. Шартты түрде алғанда, жалпы баға төрт өлшемшарт тобы бойынша орташа балл санынан құралған. Қазақстан мемлекеттік басқару мен бизнес тиімділігі бағыттарында ең жоғары нәтиже көрсетті: рейтинг авторлары салық саясатын, кәсіпкерлік саласындағы заңнаманы және мемлекеттік қаржы жүйесін жоғары бағалады. Басқаша айтқанда, өндірушілерді ынталандыратын әкімшілік құралдар жақсы жұмыс істейді. Алайда әлсіз тұсы өндірістің өзіне қажетті негізгі жағдайлар болып табылады: ең жоғары 100 балдың ішінен еліміз инфрақұрылым бойынша небәрі 46,2 балл, ал экономикалық көрсеткіштер бойынша 43,5 балл жинады. Халықаралық талдаушылардың бағалауынша, қазақстандық бизнес әлі де жетілдіруі тиіс бағыттардың қатарында технологиялық және ғылыми инфрақұрылым, халықаралық инвестициялар мен сыртқы сауда бар. Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «еліміздің жаңа индустриялық, энергетикалық және инфрақұрылымдық негізі» туралы пайымымен толық үндеседі. Энергетика, көлік және коммуникация салаларындағы инфрақұрылымдық алшақтықты еңсермейінше, салықтық преференциялар толық қайтарым бермейді, ал Қазақстанның рейтингтегі орны шикізат бағасының құбылуына қатысты осал қалады.

Бәсекеге қабілетті экономика, сөзсіз, ең алдымен бәсекеге қабілетті отандық өнімнен басталады. 17 қарашада өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов алдағы жылдары биліктің қазақстандық зауыттар мен фабрикаларды жеңілдетілген қаржыландырумен қамтамасыз ету және ішкі нарықта да, экспорттық бағытта да тұрақты өткізу арналарын жолға қою жоспарларына ерекше назар аударды. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректеріне сәйкес, қаңтар айынан бері Қазақстанда инвестиция көлемі шамамен 900 млрд теңгені құрайтын 125 инвестициялық жоба іске қосылды. 2026 жылға арналған жоспар бойынша елде жалпы сомасы 1,7 трлн теңгені құрайтын 200-ге жуық инвестициялық жобаны аяқтау көзделіп отыр. Мұның бәрі жиынтығында 17,3 мың жұмыс орнын ашуға және жылына 1,5 трлн теңгенің тауарын өндіруге мүмкіндік береді, оның үштен бірі экспортқа жөнелтілмек.

Нақты жобалар топтамасы шикізат бағытынан терең өңделген өнім өндірісіне бетбұрыс жасалғанын айғақтайды. Бұған өңдеу секторындағы бірқатар жобалар дәлел бола алады. Astana Motors жылына 60 мың көлік шығаруға қауқарлы жеңіл автомобиль зауытын іске қосты, жобаның инвестиция көлемі 105 млрд теңгеден асады. Qarmet болат балқыту көлемін ұлғайтып жатыр. Karaganda Insulation компаниясы шамамен 67 млрд теңге салып, жылу оқшаулағыш материалдар өндірісін жолға қойды. Қарағанды облысындағы тағы бір кәсіпорын — Saran Machinery өнім желісін кеңейтіп, HOWO жүк көліктерін шығаруды бастамақ. Мыс өндірісін ауқымын кеңейте отырып дамыту — бөлек әңгіме. Егер қазіргі таңда елімізде 3,4 млн тонна концентраттың 59%-ы ғана өңделсе (қалған шикізат экспортқа жөнелтіледі), 2030 жылға қарай мыс концентратының көлемін 5,1 млн тоннаға, ал ел ішінде өңдеу үлесін 100%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта Балқаш пен Ақтоғайда екі мыс балқыту зауыты дамытылуда.

Аталған жобалардың бір бөлігі өнеркәсіптік саясаттың қолдау тетіктері арқылы жүзеге асты. «„Бәйтерек“ ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ мамандарының мәліметінше, биылғы қаңтар–қыркүйек айларында түрлі қаржы құралдары арқылы отандық өндірушілерді қолдауға 8,7 трлн теңге бағытталған. Оның ішінде «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ арқылы шамамен 2 трлн теңге, «„Даму“ кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы 1,7 трлн теңге қаржыландырылды. Қазіргі уақытта «Бәйтерек» қорында жалпы сомасы 7,6 трлн теңгені құрайтын тағы 282 жобаны қолдауға арналған өтінімдер топтамасы жасақталған. Оның ішінде 6 жоба мұнай өңдеу саласына (3,6 трлн теңге), 26 жоба тау-кен металлургия секторына (1,6 трлн теңге), 220-дан астам жоба ауыл шаруашылығына (1,8 трлн теңге) тиесілі.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар жөніндегі көпжылдық деректер өнеркәсіп пен экономиканың өзге де салаларының жалпы даму қарқынын бағалауға мүмкіндік береді: 2020 жылдан бері өсім траекториясы сақталып келеді. ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) есептеріндегі ақпаратқа сай 2020–2025 жылдар аралығында инвестиция көлемі екі есеге жуық өсіп, 12,3 трлн теңгеден 23,5 трлн теңгеге жетті. Биыл да бұл оң үрдіс жалғасын тапты: он айда салынған қаражат көлемі 18,3 трлн теңгені құрап, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға артты. Айта кетерлігі, өсім ең алдымен жеке салымдар есебінен қамтамасыз етіліп отыр: кәсіпорындардың меншікті қаражатының үлесі 65,7%-ға жетсе, бюджеттік қаржыландырудың үлесі 14,3%-ды құрады. Демек, бүгінгі өнеркәсіптік саясат іскерлік белсенділікпен ұштаса жұмыс істейді: мемлекет жеке капиталды алмастыруға емес, қайта оны еселеуге ықпал етеді.

Инвестициялардың салалық құрылымы экономиканың нақты қай бағыттарына даму үшін көбірек қаражат құйылып жатқанын айқын аңғартады. Көш басында, әрине, өнеркәсіп саласы тұр: алғашқы үш тоқсанда ҚР экономикасының осы аса маңызды секторына 7,3 трлн теңге инвестиция тартылды, бұл барлық салымның 40,1%-ына тең. Бір қуантарлығы, өңдеу секторы шикізат секторын басып озды: тау-кен өндіру саласындағы 2,4 трлн теңгеге (минус 8%) қарсы өңдеу өнеркәсібінде 2,5 трлн теңге (плюс 39%). Шенеуніктер жиі сөз ететін құрылымдық қайта құрудың нақты көрінісі — осы, дәл осы өңдеу ісіне ден қою қажет. Қаражат құрылыс материалдарын өндіруге (плюс 28,3%), энергетиканы дамытуға (плюс 14,1%), логистика жүйелерін жаңғыртуға (плюс 7,7%) және өзге де бағыттарға жұмсалуда.

Инвестициялық жобаларды дамыту — құрғақ цифрлар мен жаңа кәсіпорындардың ашылу фактісі үшін ғана жасалып жатқан қадам емес. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылатын компаниялар жұмыс істеп тұрған бизнес нысандарына кедергі келтірмеуі тиіс екенін баса айтты. Яғни жаңа инвестициялық жобалар нарықтағы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды ығыстырмауы керек. Сондықтан қандай да бір жобаға мемлекеттік қолдау көрсету туралы шешім қабылдар алдында сарапшылар ең әуелі төрт негізгі факторды — қолданыстағы өндірістік қуатты, ішкі нарықтың сұранысын, шикізатпен қамтылу деңгейін және экспорттық мүмкіндіктерді бағалайды. Нәтижесінде кәсіпорындардың өндірістік қуаттарының тиімді жүктемесін — 80%-дан бастап қуаттардың пайдаланылуын қамтамасыз ететін негізді қолдау шаралары іске асырылуы тиіс.

Статистика өндірістің барлық секторында бірдей өндірістік қуаттардың жоғары деңгейі қалыптаспағанын растап отыр. Бұл бағытта әлі де атқарылар жұмыс аз емес. ҰСБ-ның 2025 жылғы орташа жылдық өндірістік қуатты пайдалану жөніндегі деректері айқын теңсіздікті көрсетеді: шикізат сегменттерінде жүктеме тұрақты түрде жоғары болса, өңдеу саласында мүлде өзгеше көрініс қалыптасқан. Инфографикадан көрініп тұрғандай, тас көмір өндіруде пайдаланылатын өндірістік қуаттар үлесі 80,9%-ды, мұнай мен газ өндіруде — 81%-ды, мыс және қорғасын-мырыш кендерін өндіруде 85%-дан астам көрсеткішті құраған. Ал тамақ өнеркәсібіндегі ахуал онша көңіл көншітпейді: былтыр ірі қара мен ұсақ мал етін өндіруде орташа жылдық қуаттарды пайдалану үлесі небәрі 26%, балық өндірісінде — 34,9%, сүт өндірісінде — 37,6%, макарон өнімдерінде — 38%, шырындарда — 12,1%, ал өңделген көкөністер өндірісінде — 3,8% ғана болды. Бұл құрылымдық теңгерімсіздікті айқын көрсетеді: экспортқа бағдарланған өндіруші салалар өз қуатының шегіне жақын жұмыс істесе, ішкі нарыққа бағытталған өңдеуші салалар айтарлықтай резервпен жұмыс істеп тұр.

Субсидиялар мен жеңілдетілген қаржыландырумен қатар, бизнесті қолдауда мемлекет тарапынан қалыптасатын сұраныс та маңызды рөл атқарады. Мәселен, отын-энергетика секторында мемлекеттік сатып алулар аясында отандық өндірушілерге арналған сұранысты қалыптастыру мен резервтеу, жеңілдетілген шарттар енгізу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар ел ішіндегі құндылық бағдарламасы да дамып келеді: Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба (ЭКСЖ) шеңберінде электрондық сатып алу платформасы арқылы 18,4 млрд теңгеге 144 басымдықты шарт, ал ұзақмерзімді офтейк-келісімшарттар желісі бойынша 2,6 мың келісім жасалды. Бұл ретте мемлекеттік компаниялар мен квазимемлекеттік сектор өндірілетін отандық тауарлардың ірі сатып алушысы болуға дайын, дегенмен мұндай ынтымақтастыққа бизнестің өзінің де мүдделі болуы аса маңызды.

ҚР Энергетика министрлігінің деректері бойынша, биылғы қаңтар–қыркүйек айларында отын-энергетика секторындағы тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудағы ел ішіндегі құндылық үлесі 60,7% жоспарлы меже кезінде 55,4%-ды құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 65,5%-ға жеткізу көзделіп отыр. Кестеден артта қалу жағдайы 2024 жылдан бері алғаш рет тіркеліп отыр: бұған дейін нақты көрсеткіш жоспарлы межеден тұрақты түрде асып түсетін. Биыл алғашқы үш тоқсанда сатып алулардың жалпы көлемі 3,5 трлн теңгеге жетіп, оның 1,9 трлн теңгесі отандық компаниялардың тауарлары, жұмыстары мен қызметтеріне тиесілі болды.

Осылайша, Қазақстанның өнеркәсіптік саясаты ауқымды қаржыландыруды, кепілдендірілген сұраныс тетіктерін және жобаларды қатаң басымдық бойынша іріктеу тәсілін — басты назарды өңдеу саласына аударудан бастап, өндірістік қуаттардың жүктемесін бақылауға дейінгі шараларды ұштастырып отыр. Дегенмен қол жеткізілген нәтижелердің тұрақтылығы инфрақұрылымдық шектеулерді еңсеру және шикізат секторы мен өңдеу секторының теңгерімді дамуын қамтамасыз ету қабілетіне тікелей байланысты болмақ.