Сарапшылар киіктерге қатысты мемлекеттік деңгейде қабылданған шешімдер сияқты бейінді ведомствоның статистикалық деректеріне күмән келтіруде

Сарапшылар киіктерге қатысты мемлекеттік деңгейде қабылданған шешімдер сияқты бейінді ведомствоның статистикалық деректеріне күмән келтіруде

 

Жаздың басында киік санының едәуір өсуі туралы қайта сөз болды. Кейбіреулері киік санының көбейгеніне қуанды, ал басқалары егінге алаңдады. «Егін жинауға» дайындалғандар да болды: ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дериваттарды, яғни өлген киіктердің мүйіздерін жинауға рұқсат беру туралы бұйрығының жобасы шұғыл жарияланды. Қоғамның ызасын туғызғандықтан, министрлік бұл жобаны шұғыл түрде кері қайтарып алды. Бұйрықты енгізу іс жүзінде мүйізді заңсыз алуды жасырын түрде заңдастыру екенін, бірақ табиғи жолмен немесе құрғақшылық сияқты табиғи факторлар нәтижесінде өлген киіктерді жүйеленген және басқарылатын пайдалану емес екенін бәрі түсінді. Бұл мемлекеттік органдардың киіктер санының тез өсуіне дайын еместігін тағы бір көрсетті.

Айта кетейік: 2021 жылы елімізде 842 мың бас киік болған, ал 2019 жылы — 334,4 мың, 2018 жылы — 215,1 мың. 2022 жылы ҚР Экология министрлігінің хабарлауынша, олардың саны 1,3 млн-ға жетті. Яғни ресми деректер бойынша жылдан жылға киік санының қарқынды өсуі байқалады.

Бұл ретте, бейінді министрлік киік басының алдағы перспективалары мен өсуіне қатысты тұтас, ғылыми негізделген стратегияны әзірлеу бойынша нақты қадамдар қабылдамады. 2015 жылы Бетпақдаладағы киіктің жаппай қырылу себептері де мұқият зерттелмеген және жұртшылыққа жеткізілген жоқ.

Посткеңестік кезеңде Қазақстанда киік бойынша толық ауқымды зерттеулер жүргізілген жоқ. Шын мәнінде, сектор мамандарында қандай да бір нақты тәуелсіз зерттеулер жоқ, тек әуе арқылы есепке алу деректері ғана бар. Сонымен бірге әуе арқылы есепке алу уәкілетті мемлекеттік орган бөлетін қаражатқа жүргізіледі және тәуелсіз сарапшылар тобы қатыстырылмайды. Аэровизуалды есепке алудың әдістемелік сапасы да үлкен сұрақтар туғызады. Бұл жағдайда тәуелсіз сарапшылар мен аңшылық шаруашылық мамандары, атап айтқанда, «Қансонар» аңшылар мен аңшылық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің Республикалық Қауымдастығының мамандары киіктің осынша тез өсіп келе жатқан саны туралы мәліметтерге үлкен күмән келтіреді.

 

 

Соңғы уақытта киіктердің ауыл шаруашылығына тигізетін зияны туралы тезис жиі қолданылады. Сонымен қатар, өткен жылы ҚР БҒМ Зоология институтының териология зертханасының меңгерушісі Алексей Грачев киік пен үй жануарлары арасында ерекше бәсекелестік жоқ деп мәлімдеді. Киіктердің мінез-құлқын жан-жақты және дәйекті зерттеу жүргізілген кеңестік кезеңнің дереккөздері киіктердің қоныс аударуынан келтірілген залал ауыл шаруашылығының дамуы үшін соншалықты маңызды емес екенін растайды.

Алайда, егер жасанды түрде жасалса, мұндай зиян мен қақтығыс шынымен де болуы мүмкін. Мысалы, уәкілетті ведомство тарапынан осындай бақылаусыздық жағдайында киіктің дәстүрлі қоныс аудару жолдарының аумақтары заңсыз басып алынған болса. Осының барлығы мүдделі тұлғалар браконьерліктің нақты «заңдастырылуын» күтетінін ескерсек, әсіресе жағымсыз жағдай, ал ҚР Экология министрлігінің киіктердің дериваттарын жинау мүмкіндігі туралы бұйрығын шұғыл түрде қайтарып алуы жағдайдың бақыланбайтындығын немесе қандай да бір арам ойын жүргізілетінін білдіреді.

Киік популяциясының өсуіне қатысты «Қансонар» қауымдастығының сарапшылары күмән келтіріп, Орал популяциясының орташа жылдық 44,6% өсу қарқынымен он жылда 38,3 есе өсуі бойынша деректердің дұрыстығын қайта тексеруге шешім қабылдады.

Киіктер табынын дамытудың әртүрлі демографиялық параметрлерін сипаттайтын кеңестік кезеңдегі зерттеулер мен бірқатар шетелдік жарияланымдар деректеріне негізделген жеңілдетілген модель әзірленді.

Популяцияның бастапқы саны 2012 жылы Орал популяциясындағы киіктер санына сәйкес қабылданды. Көрсетілген параметрлермен 10 жыл бойы сақталатын модельдеу оныншы жылдың соңында 34% орташа жылдық өсу қарқынымен саны 385-390 мың басты құрайтынын көрсетті. Бір қызығы, Министрліктің 801 мың дарақ туралы деректері бұл есептік көрсеткіштен 10%-20%-ға емес, екі еседен артық асып түседі.

Нақтылап кетейік: 2012 жылы 20 мыңнан 400 мыңға дейінгі өсу деңгейін сарапшылар 10 жыл ішінде қолайсыз климаттық және басқа факторлар болмаған модель жағдайында болжады. Сонымен қатар, бұл модельде ең қолайлы базалық параметрлер қабылданды.

 

 

Тағы бір маңызды мәселе бар. Егер министрліктің ресми деректеріне сүйенсек, онда үш популяциядағы киіктер санының орташа жылдық өсу қарқынын есептеу кезінде Орал популяциясында Бетпақдала (29,5%) және Үстірт (18,1%) популяциясына қарағанда айтарлықтай ерекшеленетін көрсеткіштер алынды (44,3%). Егер 2017 жылдан бастап орташа жылдық өсімді қарастыратын болсақ, онда сандар келесідей болады: Орал популяциясы бойынша — 51,3%, Бетпақдала бойынша — 51,6%, Үстірт бойынша — 44,9%.

Бұл ретте жалпы қатардан 2019-2021 жылдар кезеңі ерекшеленеді: осы екі жыл ішінде Орал популяциясындағы өсім 151%-ды (яғни бірден 2,5 есе өсу байқалды), Бетпақдалада — 156%-ды (2,6 есе), Үстіртте — 103%-ды (2 есе) құрады.

Кеңестік кезеңнің арнайы әдебиеттерінен табын 40%-50% төмендеген кезде қиын жағдайлардан кейін ғана ең жоғары өсім байқалғаны белгілі. Кейінгі жылдары зерттелген факторлардың арқасында, ең алдымен — табынның жыныс-жас құрылымына тән өзгерістерге және туа біткен полигамияға байланысты табын 1-2 маусымда қалпына келтірілді. Бірақ болашақта жылдық өсу қарқыны әрдайым 30%-35%-ға дейін төмендеп отырды. Егер біз кеңес кезеңдегі киіктер санының динамикасы туралы мәліметтерді алсақ, онда бір жылдық ең жоғары өсім 38%-42% болғанын анықтауға болады.

 

 

2014 жылы канадалық маман Кент Джингфорс (Jingfors Kent) өзінің «Қазақстандағы жануарлар әлемін тұрақты басқару: мүмкіндіктер мен қауіптер» атты жұмысында Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлескен жобасы аясында мемлекеттік орган мәлімдеген ақбөкендер санының динамикасына өте күмәнмен және белгілі бір сарказммен қарады: «Әсіресе 2013-2014 жылдар кезеңінде киіктер санының жылдық өсімі 37%-ға ұлғайғаны есте қаларлық. Мұндай өсімнің себебі не болғаны анық емес — жақсартылған мониторинг технологиялары (мысалы, киіктер ареалының үлкен аумақтарын қамтитын) немесе популяцияны қалпына келтірудің ерекше қабілеті және табиғи өлімнің болмауы. […] киіктер популяциясының орасан өсуі (2 жылда 37%-ға) есепке алу әдістерінің дәлдігіне қатысты сұрақтар туғызады».

Есепке алудың қолданыстағы әдістерінің қазіргі заман шындығына сәйкестігіне қатысты қоныс аудараатын жабайы жануарлар түрлерін сақтау жөніндегі БҰҰ Конвенциясының (КМВ) хатшылығы үшін киікті сақтау жөніндегі Альянс дайындаған «Өзара іс-қимыл туралы меморандумның сақталуы мен іске асырылу мәртебесі туралы шолу есебінде» былай делінген: «Кең таралу аумағы, маусымдық ареалдар арасындағы елеулі айырмашылықтар, киіктің көшпелі өмір салты және табиғи популяция санының ауытқуы оларды дәл бағалауды қиындатады және популяция үрдістерінің анықтығын төмендетеді. Тиісті әдістерді пайдалана отырып орындалған есепке алу (Қазақстандағы белгілі бір жолақ шегіндегі әуе арқылы есепке алу, Моңғолияда іріктемелі қашықтықтан талдауды қолдана отырып жерүсті зерттеп-қарау) есептеуді неғұрлым дәл жасауға және ауытқуды азайтуға (бірақ жоққа шығармауға) мүмкіндік береді».

2021 жылғы қыркүйекте өткен киікті сақтауға, қалпына келтіруге және орнықты пайдалануға қатысты өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойған елдердің төртінші кездесуінде қабылданған 2021-2025 жылдарға арналған «Киік жөніндегі орта мерзімді халықаралық жұмыс бағдарламасы» киік санын есепке алуды жақсарту бойынша бірқатар шұғыл (1-2 жыл) және аса маңызды шараларды көздейді: «Инфрақұрылымды дамыту мен климаттың өзгеруіне, сондай-ақ қоршаған орта мен жерді пайдаланудың өзгеруіне ерекше назар аудара отырып, тиісті технологияларды (спутниктік қадағалау және қашықтықтан зондтауды қоса алғанда) қолдану арқылы киіктердің қозғалысы мен қоныс аударуына зерттеулер жүргізу».

Қазақстанның «тиісті технологиялар» туралы өз түсінігі бар ([1],[2]), біз ол туралы тіпті түсініктеме бермейміз.

Бұл жағдайда қоныс аудару жолдары мен жатағын бақылау сапасы туралы айтудың қажеті жоқ. Жер үсті қызметтері де бар, бірақ аумақты, қорғалатын жануарлардың басқа түрлерінің тізімін, қызметкерлердің санын және қажетті жабдықтармен жабдықтауды ескере отырып, олардың тарапынан мониторинг сапасына күмәндануға толық негіз бар.

 

 

Алайда, шамасы, уәкілетті органдар мониторингтің сапасына мүлдем мән бермейді. Мәселен, 2022 жылғы 2 маусымда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Киіктердің мүйіздерін ішкі және сыртқы нарықтарда сату үшін олардың айналымын бақылау мақсатында таңбалау (белгілеу) ережелері» бұйрығының жобасын талқылау үшін жариялады, ал 10 маусымда келесі бұйрық жобасы — бұл жолы киіктерді халық денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа да үй жануарларының ауруларынан қорғау және т.б. мақсатында саны заң шеңберінде реттелуге жататын жануарлардың тізбесіне енгізу туралы жоба жарияланды.

Осылайша, дериваттарды жинау мүмкіндігі туралы бұйрықтың жобасын көпшілік алдында кері қайтарып ала отырып, Министрлік киіктерді айналма жолдармен жоюды заңдастыруға тырысады. Популяцияға бөлінбестен және жыныстық-жас топтары бойынша 40 мың дарақты алып қою нормативтері туралы бұйрықтардың жобалары әзірленді. Осы бұйрықтармен жұртшылыққа белгісіз қандай да бір мамандандырылған ұйым алып қоюмен айналысатыны, ал қандай да бір мемлекеттік монополия құқығы бар белгісіз ұйым дериваттарды, бірінші кезекте — киік мүйізін сатумен айналысатыны көзделеді.

Министрлік шенеуніктері олардың санын реттеу деп аталатын жоспарлары іске асырылған жағдайда жануарлардың жойылып бара жатқан түрлері бойынша көптеген халықаралық келісімдерге қол қоюшы ретінде Қазақстанның беделіне орны толмас нұқсан келтіретінін ұмытып кетеді.

Материалда келтірілген бейінді ведомство мәлімдейтін сандарға қайшы келетін сараптамалық есептер, 2012 жылдан бастап көрсеткіштердің барабар емес өсуін ескере отырып, ресми деректердің күмәнділігі, сондай-ақ Министрліктің заңнамаға кез келген бағамен өзгерістер енгізу әрекеттері қазақстандық қоғам тарапынан түбегейлі мәселелер мен алаңдаушылық туғызады.

Осы даулы қадамдардың орнына киіктердің популяциясын сақтау және қорғау үшін алдымен халықаралық сарапшылар мен қоғамды тарта отырып, киік басының дұрыс есебін ұйымдастыру қажет. Қоғамға есеп беретін және киіктер санын реттеу шектерін ғылыми негіздеумен айналысатын мемлекеттің 100% қатысуымен ұйым құру қажет. Дәл осындай ұйым сектордағы іс-қимылдардың барлық кешеніне жетекшілік етуі және киіктерді алып қоюға, ұша мен дериваттарды (мүйіздерді) жинау мен есепке алуға, киіктің етін, терісін және мүйіздерін кәдеге жарату мен өңдеуге тікелей қатысуы тиіс.

Сондай-ақ, тіркеудің, қорғалған таңбалаудың және т. б. нақты және жеткілікті құралдарын пайдалана отырып, браконьерлерден қорғау үшін киіктің бөліктері мен деривативтері нарығына қатаң мемлекеттік бақылау орнату қажет.

 

 

Айта кетейік: ҚР жұртшылығының сенімін сақтау туралы ғана емес, 2021 жылғы қыркүйекте өткен «Ақбөкендерді сақтау, қалпына келтіру және тұрақты пайдалануға қатысты өзара түсіністік туралы меморандумға» қол қойған тараптардың кездесуі аясында Қазақстанға берілген халықаралық сарапшылардың нақты ұсыныстары туралы сөз болып отыр.

Үкімет пен уәкілетті жауапты органдар биоалуантүрлілікті қорғау жөніндегі халықаралық келісімдердің сақталмауы Қазақстанға өзіне алған міндеттемелерді орындамайтын және халықаралық табиғат қорғау ұйымдарының ұсынымдарын елемейтін мемлекеттердің «қара тізіміне» енгізумен қауіп төндіретінін есте сақтап, ескеруі қажет, бұл тұтастай мемлекет үшін де, жекелеген шенеуніктер үшін де қаржылық санкцияларға әкеп соғады.