Шығарындылардың жартысынан көбін Павлодар және Қарағанды облыстарының кәсіпорындары өндірді

Шығарындылардың жартысынан көбін Павлодар және Қарағанды облыстарының кәсіпорындары өндірді

 

Барлық стационарлық ластандыру көздерінен шығатын ластандырғыш заттардың көлемі 2021 жылы 34,3 млн тоннаны құрады, бұл 2020 жылға қарағанда 3,3%-ға аз. Оның 31,9 млн тоннасы немесе жалпы санының 93%-ы ұсталып, залалсыздандырылды. Атмосфералық ауаға ластандырғыш заттар шығарындыларының көлемі 2021 жылы 2,4 млн тоннаны құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 1,4%-ға аз.

Атмосфераға ластандырғыш заттардың барлық шығарындыларының жартысынан астамы Павлодар және Қарағанды облыстарына ғана тиесілі болды: тиісінше 736,2 мың және 569,7 мың тонна. Шығарындылардың едәуір көлемі Атырау (160,3 мың тонна), Қостанай (137,9 мың тонна), Ақтөбе (137,4 мың тонна) және Шығыс Қазақстан (128,1 мың тонна) облыстарында тіркелген.

 

 

Атмосфераға ластандырғыш заттар шығарындыларының 2,4 млн тоннасының 2,1 млн тоннасы өнеркәсіп саласына ғана тиесілі. Атмосфералық ауаға шығарындылардың ең көп көлеміне жылумен және энергиямен жабдықтау сегменті жауапты — 945,2 мың тонна, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 0,1%-ға артық. Өңдеуші өнеркәсіпке 728,1 мың тонна шығарындылар тиесілі, 2020 жылға қарағанда 6,5%-ға аз, тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді игеруге —356,6 мың тонна, бір жыл ішіндегі өсім — 3,7%. Сумен жабдықтауға, сондай-ақ қалдықтарды жинауға, өңдеуге және жоюға 47,8 мың тонна шығарындылар ғана тиесілі болды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 4,3%-ға көп.

Өнеркәсіп секторынан басқа, атмосфераға ластандырғыш заттар шығарындыларының едәуір көлемін көлік және қоймалау саласындағы кәсіпорындар құрады — 114,4 мың тонна, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 7,9%-ға көп.

 

 

Атмосфераға шығарылған газ тәрізді және сұйық ластандырғыш заттардың үлесіне 2021 жылы шығарындылардың 79,6%-ы тиесілі. Олардың ішінде күкіртті ангидрид шығарындыларының көлемі 835,4 мың тоннаны, көміртегі тотығы — 473,2 мың тоннаны, азот тотығы — 322 мың тоннаны, көмірсутек — 133,2 мың тоннаны, аммиак — 2,8 мың тоннаны, күкіртті сутек — 2,1 мың тоннаны құрады.

Қатты ластандырғыш заттарға шығарындылардың 20,4% немесе 491,7 мың тонна, ал ұшпа органикалық қосылыстарға — 6,1% немесе 146,5 мың тонна тиесілі.