Қайтыс болудың ең басты себебі әлі де жүрек-тамыр жүйесі аурулары

Қайтыс болудың ең басты себебі әлі де жүрек-тамыр жүйесі аурулары

 

Қазақстанда қайтыс болу саны пандемияға дейінгі жыл көрсеткішіне төмендеді. Жедел деректерге сәйкес, 2022 жылғы қаңтар–желтоқсанда елде 134,7 мың адам қайтыс болды, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден төрттен бір есеге аз. 2022 жылғы қайтыс болудың жалпы коэффициенті (6,77) тіпті COVID-19-ға дейінгі деңгейден (7,19) төмендеді.

Пандемияның екі жылында елде өлім-жітімнің шамадан тыс деңгейі тіркеліп, көрсеткіштер өткен жылдардағы орташа мәндерден күрт асып түсті. Атап айтқанда, қайтыс болғандардың жалпы саны 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы 21,2%, 2021 жылы 37% өсті, бірақ ол кезде күрт көбейген өлімнің себебін медициналық статистика тек «ковидтен» тапқан жоқ. (мысалы, тыныс алу жүйесінің аурулары да себеп болды). Бұл туралы біз бұрын жазғанбыз.

 

 

Қайтыс болудың негізгі себептері 2022 жылы түбегейлі өзгерген жоқ. Негізгі себеп әлі де қан айналымы жүйесінің аурулары, оның жалпы өлім статистикасындағы үлесі өткен жылы 22,6% (бір жыл бұрын 23,7%) болды. Екінші орында қатерлі ісік және басқа да жаңа ісіктер (10,3%). Тыныс алу органдары ауруларының үлесі 9,7%.

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының өлім себептері туралы мәліметтері Халықаралық аурулар классификациясы (ХАК-10) бойынша аурулардың үлкен топтарын ғана қамтиды. Оларға Қазақстандағы барлық өлім-жітімнің 60%-ға жуығы ғана кіреді. Қалғанының себептері — бұл 40,1% немесе 54 мың жағдай — ресми статистикада көрсетілмеген.

Айтпақшы, 2022 жылы мәліметтер келтірілмейтін дәл осы «басқа себептер» тобы абсолютті сандар бойынша өлім санының ең көп төмендеуін қамтамасыз етті (24,9 мыңға азайды). Бұл елдегі өлім саны өсімінің жартысы, өйткені 2022 және 2021 жылдардағы өлім-жітімнің өсімі 48,6 мыңды құрады.

 

 

2022 жылы жүрек және қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім саны мен «басқа себептерден» өлім-жітім саны тиісінше 30% және 31,6% төмендеді. Рас, абсолютті есептегенде инфаркттан, инсульттан және жүрек-қантамыр жүйесінің басқа да проблемаларынан қайтыс болғандар саны небәрі 13 мың адамға азайды.

Пандемия аяқталғаннан кейін тыныс алу органдары ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіштерінің төмендетуі қисынды: 7,7 мың жағдай немесе 36,9%. Барлық басқа санаттар бойынша өткен жылы қайтыс болғандар саны 2019 жылғы көрсеткіштерге дейін төмендеді.

 

 

Қаңтар айының басында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Денсаулық сақтау министрлігі алқа отырысында 2022 жылдың қорытындысы туралы есеп бере отырып, өлім-жітім көрсеткішінің төмендеуіне қатысты статистикалық мәліметтерді келтіре отырып, «Өткен жылы халыққа медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде денсаулық сақтаудың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалады» деді.

Ауруханалардың мемлекеттік бюджеттен алатын қаржы ағынына қарағанда, мемлекет медициналық қызметтердің санын және тиімділігін арттыруға бөлінген қаражат айтарлықтай өспеген. Көрсетілетін қызмет саны көбейсе, медициналық мекемелердің қаржылық көрсеткіштерінен байқалуы тиіс еді. Бірақ көрсеткіш көбеймеген. Егер 2022 және 2021 жылдардағы мемлекеттің медициналық мекемелерге қызмет көрсету үшін төлеген жалпы қаражатын салыстыратын болсақ, онда айырмашылық өте аз болады: тек 2,3% ғана өскен. Ақшаға келетін болсақ, 2021 жылы ауруханалар мемлекеттен қызмет көрсету үшін 1,98 трлн теңге, ал 2022 жылы 2,02 трлн теңге алған. Айырмашылық 44 млрд теңгені құрады.

Пандемия жылдарындағы өлім-жітімнің көбейгенін мойындаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының пікірінше, өлім-жітімнің көбеюінің негізгі себебі денсаулық сақтау жүйелерінің шамадан тыс жүктелуіне байланысты профилактика мен емдеуге халықтың қолы жетпеуі.