Тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің құны: Қазақстан мен әлемдегі ахуалға шолу

Біз Қазақстанда және басқа елдерде тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге (ТКҚ) жұмсалатын шығындарды салыстырдық. Ол үшін Numbeo халықаралық деректер қорындағы мына қызмет түрлерінің бағасы туралы деректер негізге алынды: электрмен жабдықтау, жылыту, ауа баптау жүйесі, сумен қамту және қоқыс шығару — есеп ауданы 42,5 ш. м. болатын орташа пәтердің көрсеткіштері бойынша жасалды.

Нәтижесі таңқалдырды: 2025 жылғы 24 қыркүйектегі деректерге сәйкес Қазақстанда бұл қызмет түрлеріне жұмсалатын шығындар көлемі ТМД мен ОА елдері (жалпы посткеңестік кеңістік) арасында ғана емес, әлем бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі болып шықты.

Қазақстанда жоғарыда аталған тізім бойынша тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге жұмсалатын орташа айлық шығын көлемі бар болғаны 27,1 АҚШ долларын немесе шамамен 15 мың теңгені құрады. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан 127 елдің ішінде ТКҚ қымбаттылығы жөнінен 98-орынды иеленді.

ТМД мен ОА елдерінің басым бөлігінде коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығын көлемі Қазақстаннан қымбат болып шықты: Әзербайжанда 30 АҚШ долларына, Украинада* 47,6 АҚШ долларына, Ресейде 57,2 АҚШ долларына, Арменияда 60,5 АҚШ долларына, ал Молдовада тіпті 88,4 АҚШ долларына дейін жеткен. Биылғы жылдың қыркүйек айындағы деректер бойынша Қазақстанмен шамалас айлық орташа шығындар Беларусь пен Өзбекстанда байқалды: 25,5 және 26,8 АҚШ доллары. Ал аймақтағы ең төмен көрсеткіштер Тәжікстан мен Қырғызстанда тіркелді, шығын көлемі 21,8 және 19,8 АҚШ долларына тең.

Посткеңестік кеңістіктегі елдерге көз жүгіртсек, Балтық елдерінде коммуналдық қызметтердің құны әлем бойынша қымбат болып саналады. Мәселен, Эстонияда — 161,9 АҚШ доллары, Латвияда — 159,6 АҚШ доллары, ал Литвада — 120,2 АҚШ доллары. Бұл елдер ТКҚ қымбаттылығы жағынан 5-інші, 6-ыншы және 16-ыншы орындарға ие. Салыстыру үшін айтар болсақ, Грузияда да бұл көрсеткіш Қазақстаннан жоғары — 37,1 АҚШ доллары.

Еуропаның дамыған елдерінің тұрғындары коммуналдық қызметтерге ең көп қаражат жұмсайтындардың қатарына енді: 2025 жылғы 24 қыркүйектегі жағдай бойынша Ұлыбританияда коммуналдық қызметтерге жұмсалатын ай сайынғы орташа шығын — 162,2 АҚШ доллары, Германияда — 177,6 АҚШ доллары, Австрияда — 193,6 АҚШ доллары.

Демек, Қазақстанда ТКҚ бағасы халық үшін әлі де қолжетімді деңгейде. Салыстырсақ, Австрияда коммуналдық қызметке жұмсалатын шығын елімізде жұмсалатын шығыннан жеті есе көп. Тағы бір назар аударарлық жайт, ЕАЭО құрамындағы көршілеріміз Армения мен Ресейде ТКҚ шығыны екі есе, ал Молдовада үш есе жоғары. Толығырақ деректер төмендегі ақпараттық кестеде көрсетілген.

Украинаның ТМД құрамындағы мәртебесі бірқатар себептерге байланысты нақты емес.

Бұл орайда маңыздысы коммуналдық қызметтердің бағасы емес, олардың халық табысымен салыстырғандағы өлшемі. Сондықтан біз орташа айлық ТКҚ шығындарын нетто жалақы деректерімен, яғни салықтар төленгеннен кейінгі жалақымен салыстырдық. Айта кетерлігі, Numbeo порталының мәліметтеріне сүйенсек, 2025 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстандағы «таза» жалақы 531,5 АҚШ долларын немесе шамамен 290 мың теңгені құраған. Бұл ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) деректерінде келтірілген медианалық жалақы көрсеткішіне (соңғы деректер бойынша биылғы жылдың екінші тоқсанында — 316 мың теңге) жақын, сондықтан көрсеткіштерді сенімді түрде қолдануға болады.

Қазақстанда орташа жалақының тек 5,1%-ы ғана тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің ақысын төлеуге жұмсалады. Бұл көрсеткіш посткеңестік елдер арасында және жалпы әлемде төмен көрсеткіштердің бірі болып табылады. Мысалы, Өзбекстанда, ТКҚ бағалары арзанырақ болса да, жалақының 5,4%-ын, Тәжікстанда 8,1%-ын құрайды. Қазақстанға қарағанда бағалары қымбатырақ мына елдерде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары: Әзербайжан (6,6%), Грузия (6,7%), Ресей мен Литва (7,6%-дан). Ал Украинада (10%), Латвияда (11,8%) және, әсіресе, Молдовада (12,6%) аталған қызметтер ақысы тіпті қымбатқа түседі екен.

Кейбір елдерде ТКҚ шығындары отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ түсірмейді. Мысалы, Катарда олардың үлесі орташа жалақының небәрі 1,2%-ын, ал Кувейт пен Исландияда бар болғаны 0,9%-ын құрайды. Салыстырсақ, табыс деңгейі төмен, тарифтік қысымы жоғары елдерде көрініс мүлде басқа: Сирияда коммуналдық төлемдер жалақының 78%-ына, Кубада 54,1%-ына, ал Кот-д’Ивуарда 50,6%-ына жеткен. Бұл — ауданы 42,5 ш. м. болатын пәтердің негізгі шығындары. Ал егер пәтердің ауданы үлкен болып, оған интернет пен басқарушы компаниялардың қызмет ақысы және басқа да төлемдер қосылса, мұндай елдерде ТКҚ шығындары табыстың негізгі бөлігін құрауы мүмкін. Толығырақ ақпарат төмендегі ақпараттық кестеде берілген.

Енді халықаралық сарапшылардың деректерін қарастырған соң, қазақстандық статистика не дейді — соған назар аударайық. ҰСБ деректеріне сүйенсек, биылғы жылдың бірінші тоқсанында қазақстандық үй шаруашылығының тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге, сондай-ақ тұрғын үйді күтіп ұстауға және жөндеу жұмыстарына жұмсаған орташа шығындары 68,4 мың теңгені (немесе айына шамамен 23 мың теңгені) құраған. Айта кетерлігі, бұл сомаға үйді күтіп ұстау және жөндеу жұмыстарына кететін шығындардың да кіретінін ескерсек, көрсеткіштер Numbeo сарапшылары келтірген мәліметтерге ұқсас.

Маңыздысы — бұл сектордағы шығындардың үлесі үй шаруашылықтарының жалпы шығындарының небәрі 6,6%-ын құрайды, бұл көрсеткіш жылдар өтсе де сол деңгейде сақталып келеді. Бұл үрдіс төмендегі кестеде айқын көрсетілген.

Қорытындылай келе айтар болсақ, Қазақстандағы тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің құны, соңғы жылдардағы өсімге қарамастан, абсолюттік тұрғыда әлі де төмен деңгейде қалып отыр және отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ түсірмейді. Естеріңізге салсақ, әлеуметтік жағдайы төмен топтар үшін мұндай аз сома да ауыр болуы мүмкін, сол себепті елімізде тұрғын үй көмегі жүйесі жұмыс істейді — бұл жайлы біз бұрын да жазғанбыз және алдағы уақытта тақырыпты кеңірек талдаймыз. Көршілес елдермен, сондай-ақ Еуропа және басқа да елдермен салыстырғанда, Қазақстандағы жағдай қолайлы. Бұған қоса, 16 қазанда Қазақстан үкіметі барлық тұтынушылар үшін 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін коммуналдық тарифтердің қымбаттамайтынын хабарлады.