Тұрғын үй нарығы өркендеп тұр: мәмілелер саны мен ипотека портфелі 15%-ға ұлғайды. Жаңа жылда бізді не күтіп тұр?

2024 жылдың қараша айына қарай Қазақстандағы ипотекалық қарыздар портфелі 6,2 трлн теңгені құрады, бір жылда 14,6%-ға көбейді, бұл республика экономикасында берілген барлық кредиттердің 19,4%-ына тең. Айта кетерлігі, ипотекалық қарыздардың үлесі 2021 жылдың соңынан бастап экономикада берілген барлық кредиттердің бестен бір бөлігін тұрақты түрде құрап келеді. Бұған дейін, 2018 жылға дейін Қазақстанда ипотека іс жүзінде тоқырап, кредиттік портфельдің тек 9% -10%-ын құраған болатын.

Бес жыл ішінде азаматтардың тұрғын үй салуға және сатып алуға ресімдеген қарыздарының көлемі 3,4 есеге, он жылда 7,6 есеге, ал жиырма жыл ішінде 57 еседен астам көбейді.

Ипотека нарығында негізгі рөлді бейінді қаржы институты — Отбасы банкі атқарады. Оның кредиттік портфелі 3,4 трлн теңгені құрайды, бір жылда 6,6%-ға ұлғайды. Банк секторының ипотекалық портфеліндегі Отбасы банкінің үлесі 54,5%-ды құрады, ал жалпы алғанда, банк 50%-дан асатын деңгейді 2019 жылдан бастап, яғни, Қазақстанда ипотекалық кредитті дамыту және нығайту кезеңінен бастап ұстап келеді.

Естеріңізге салсақ, Отбасы банкі тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесін іске асырады, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған сектордағы мемлекеттік бағдарламалардың операторы болып табылады. Сонымен қатар, банктің басқа санаттағы азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған бірқатар жеке бағдарламалары да бар.

Биыл секторда есте қалатындай бірден екі ауқымды тұрғын үй бағдарламалары — «Отау» және «Наурыз» іске қосылды. Отбасы банкі 2024 жылдың екінші жарты жылдығында дәл осы екі бағдарлама бойынша жалпы сомасы 247,6 млрд теңгеге 9842 қарыз берді. Бағдарламаларды игеру маусым айында басталды және келесі жылдың басында да жұмыс істейді.

Жалпы, бейінді даму институты 2024 жылдың он бір айында 63422 қарыз берді, ал олардың жалпы сомасы 1,1 трлн теңгені құрады. Оның ішінде 7861 қарыз тұрғын үйге кезекте тұрған қазақстандықтарға («Бақытты Отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламалары бойынша), ал тағы 25034 қарыз банктің өз бағдарламалары бойынша берілді. Естеріңізге сала кетейік, Отбасы банкінде жаңа «Отау» және «Наурыз» бағдарламаларынан бөлек, «Асыл мекен», «Жасыл ипотека», ғалымдарға арналған тұрғын үй бағдарламасы, «Корпоративтік» өнімі, арнайы өңірлік бағдарламалар сияқты арнайы шарттары бар бағдарламалар да бар.

2025 жылы «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары бойынша жаңа өзгерістер күтілуде. Біріншіден, олардың шарттары біріктіріледі. Екіншіден, бағдарламаға қатысуға өтінім беру үшін қажетті минималды сома 1 млн теңгеден 2 млн теңгеге дейін көбейеді. Үшіншіден, енді қатысушы таза әрлеудегі пәтерді таңдаған кезде қарыз сомасының тек 10%-ы мөлшерінде бастапқы жарна енгізуі керек (бұрын әрлеу түріне қарамастан 20% қажет болған). Толығырақ ақпараттық кестеде берілген.

Ағымдағы жылы тұрғын үйге сұраныс айтарлықтай өсті және бұл айқын көрсеткіш. Мәселен, ағымдағы жылдың 11 айында тұрғын үй жылжымайтын мүлігін сатып алу-сату мәмілелерінің саны 382,9 мыңды құрады (бір жыл бұрынғы дәл осындай кезеңге 15,1% қосылды), оның ішінде пәтерлерді сатып алу-сату мәмілелері — 297,7 мың (жылына 19,8% қосылды) және үйді сатып алу-сату мәмілелері — 85,2 мың (1,1% қосылды). Тек қараша айында 39,4 мың тұрғын үй сатып алу-сату мәмілелері жасалды, бұл өткен жылмен салыстырғанда, 24,3%-ға көп.

2024 жылдың қаңтар–қараша аралығында жасалған мәмілелер саны бойынша қос астанамыз (Алматыда 74,9 мың, Астанада 67 мың), сондай-ақ Қарағанды (30,1 мың), Алматы (20,7 мың) және Маңғыстау (19 мың) облыстары көш бастап тұр. Батыс Қазақстан облысында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері санының өсімі байқалды: бір жылда 42%-ға артты. Ал Шығыс Қазақстан (минус 3%) және Жамбыл (минус 0,2%) облыстарында көрсеткіштің төмендеуі тіркелді.

Егер көпжылдық динамикаға көз жүгіртсек, тұрғын үй нарығында жасалатын мәмілелер санының қарқынды өсімі 2017-2018 жылдары басталып, 2019 жылы жалғасын тапты, ал 2020 жылы «коронадағдарыс» кезеңінде көрсеткіштердің азайғаны байқалады. 2021 жылы өткен жылдың кешіктірілген сұранысы және зейнетақы жинақтарын тұрғын үй сатып алуға ішінара беру есебінен бұрын-соңды болмаған өсім аңғарылды. 2022 жылы сұраныстың жоғары деңгейі сақталды (бұл тұрғыда елімізге келген ресейліктер де рөл атқарды), ал 2023 жылы сектор алдыңғы екі жылдан кейін қарқынын бәсеңдетті. Биыл тұрғын үй нарығы өзінің қалыпты оң динамикасына, сондай-ақ серпінді өсіміне қайта оралды.

Демек, ипотекаға деген сұраныс тұрғын үйге деген сұраныстың артуымен пара-пар өсті және өсе береді. Естеріңізге салсақ, Қазақстанда тұрғын үй тапшылығы мәселесі өзекті болып қала бермек. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылдың басында бір адамға шаққанда тұрғын үй көлемі небәрі 23,9 ш. м. құрады, бұл БҰҰ ұсынған бір адамға есептелген 30 ш. м.-дан едәуір аз.