Қылмыстық істердің басым бөлігі сотқа дейін тарап кетеді

Қылмыстық істердің басым бөлігі сотқа дейін тарап кетеді

 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ тері және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының мәліметінше, 2022 жылдың 30 маусымындағы жағдай бойынша, елімізде АИТВ індетін жұқтырған 30 мыңға жуық адам тіркелген. Оның 89,6%-ы (26,9 мың) 15 пен 49 жас аралығындағы қазақстандықтар.

Дүниежүзілік тәжірибеде бұл аурудың негізгі көрсеткіші — осы жас тобындағы халық арасында АИТВ-ның таралу деңгейі (яғни АИТВ-статусы оң ересек халықтың үлесі). Дереккөздің ақпаратына сүйенсек, 2022 жылы Қазақстанда бұл көрсеткіш соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш болды: 0,31%. Орталықтың статистикасы 2000 жылдан бастап ҚР-да АИТВ-инфекциясының таралу деңгейінің жыл сайынғы өсуі байқалатынын көрсетеді.

Бұл үрдістің екі факторды көрсететіні маңызды: сырқаттанушылықтың жоғарылауы мен тәуекел топтарындағы тексерілген пациенттер санының артуы және олардың арасында жаңа жағдайлардың пайда болуы. Біздің еліміз БҰҰ-ның АИТВ/ЖИТС бойынша «95-95-95» бірлескен бағдарламасын ұстанады. Осы стратегияға сәйкес, қазақстандық дәрігерлер АИТВ жұқтырғандардың болжамды санының 95%-ын тексеруден өтіп, олардың жай-күйінен хабардар етуді мақсат етіп отыр (2021 жылы бұл көрсеткіш 87%). Ол үшін мақсатты топтарды тестілеумен қамтуды арттырып жатыр. «Екінші» 95% — БҰҰ стандарттарына сәйкес антиретровирустық терапияны алатын АИТВ жұқтырған адамдардың үлесі (ҚР-да 81%). Ал «үшінші» 95% — вирустық жүктемесі ең аз ем қабылдап жатқан жұқтырған адамдардың үлесі (ҚР-да осы уақытқа дейін — 85%).

 

 

Өңірлер бойынша таралу деңгейі әр түрлі. Солтүстік және шығыс өңірлерде ол республикалық көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Мысалы, Шығыс Қазақстанда 15–49 жас аралығындағы халық арасында АИТВ індетін жұқтырғандардың үлесі 0,9%, Қарағанды облысында 0,7% құрайды. Ең төменгі көрсеткіштер Ұлытау және Қызылорда облыстарында: 0,1%.

 

 

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2017–2021 жылдар аралығында еліміздегі ЖИТС орталықтарына 3–3,5 мың жаңа науқас қосылған. Сонымен қатар, жыл сайын, 2020 жылғы коронавирусты қоспағанда, дәрігерлер жұқтырғандар санының артқанын тіркеді.

Былтыр 3,9 мың қазақстандық АИТВ-ға тестілеу нәтижелері туралы жағымсыз жаңалық білді, бұл бір жыл бұрынғыдан (3,5 мың) 11,5% көп.

 

 

Басқа адамға АИТВ жұқтыру — қылмыстық құқық бұзушылық. ҚР Қылмыстық кодексінің 118-бабында: АИТВ-статусы оң адам басқа адамға жұқтырса, ол бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. АИТВ жұқтырған адам серіктесіне ескертсе және ол өз еркімен тәуекелге барса ғана саналмайды.

Құқық қорғау органдары жыл сайын ауру жұқтырғандардың арыздарын жазып алады. Бірақ ЖИТС орталықтарындағы жаңа науқастардың жалпы жылдық статистикасымен салыстырғанда, қасақана инфекция жұқтыруға байланысты полицияға жүгінетіндердің саны шамалы. 2022 жылы ауруды жұқтырған 3,9 мың адамның тек 4-еуі немесе 0,1%-ы ғана арыз жазған. Бесжылдықтың өткен жылдарында да мұндай арыздар аз болған: 5-тен 12-ге дейін. Бұл ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі.

 

 

Бір қызығы, мұндай қылмыстық істің әрқайсысы сотқа жете бермейді. Әртүрлі себептермен істердің жабылуы ғажап емес. Бұған көптеген факторлар, соның ішінде дәлелдемелік база әсер етеді. Мәселен, былтыр құқық қорғау органдары 6 қылмыстық істі қарады. Оның 4-і 2022 жылы түскен болса, тағы 2-і өткен жылдардан қалған іс. Жыл соңына дейін небәрі 2 іс сотқа жолданса, 4-еуі жабылған. Құқықтық статистика комитетінің есебіне сәйкес, аталған 4 іс бойынша іс жүргізу мына негіздер бойынша тоқтатылды: қылмыс құрамының болмауы, ескіру мерзімінің өтуі, күдіктінің қайтыс болуы, сондай-ақ «қылмыстық қудалаудан артықшылықтарды немесе иммунитетті пайдаланатын адамды жауапкершілікке тартуға прокуратураның келісім беруден бас тартуына байланысты». Мұндай тұлғаларға ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 57-тарауына сәйкес дипломатиялық қызметкерлер, судьялар, прокурорлар, Парламент депутаттары жатады. Аталған нақты қылмыстық істерді тоқтату үшін аталған негіздердің қайсысы қолданылғаны статистикалық мәліметтерде көрсетілмеген.

Жәбірленушілердің жынысы бойынша есепті де байқауға болады. Көбіне полицияға арызды әйелдер жазады. Кәмелетке толмағандардың АИТВ жұқтыру жағдайлары да тіркеледі. 2019, 2021 және 2022 жылдары АИТВ індетін жұқтырған 9 мектеп, колледж және лицей оқушыларының ата-аналары полицияға жүгінген.