Ауқымды құрылыс: бір ғана кешен қаланы 3%-ға дейінгі ЖІӨ-мен қалай қамтамасыз ете алады?

26 қазанда Alatau City-де ауқымды көпфункционалды кешен — Iconic Complex құрылысы басталды, ол жаңа қаланың негізгі нысандарының біріне айналуы тиіс. Мұндай жобалар әдетте қарапайым құрылыс ауқымынан асып түседі: олардың арқасында инвестиция тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылады, инфрақұрылымның дамуы ынталандырылады және іскерлік әрі экономикалық белсенділік орталықтары құрылады. Біз қалаларда мұндай айтулы ғимараттар мен кешендердің не үшін салынатынын, олардың қандай экономикалық тиімділік әкелетінін және құрылыс аяқталғаннан кейін олардың ықпалы қалай сақталатынын талдап көруді жөн көрдік.

Негізінен — құрылыс секторының көрсеткіштерінен бастайық. Құрылыс саласы тұрғын үй, коммерциялық және инфрақұрылымдық жылжымайтын мүлікті қалыптастыруды ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіп өнімдеріне, көлік, инженерлік, қаржылық және басқа да қызметтерге деген сұранысты қамтамасыз ете отырып, әлемдік экономиканың дамуында маңызды рөл атқарады. Бұл ретте құрылыстың экономикалық тиімділігі нысандарды тұрғызу кезеңімен шектелмейді: пайдалануға берілгеннен кейін офистік, сауда, қонақүй және басқа да көпфункционалды кешендер бизнесті дамыту, инвестиция тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру алаңдарына айналады.

Құрылыстың экономикадағы рөлі: Қазақстан және әлем

БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының (UNEP) Global Status Report for Buildings and Construction 2025–2026 баяндамасына сай ғимараттар мен құрылыс секторына әлемдік ЖІӨ-нің 11-13%-ы және бүкіл әлемдік жұмыс күшінің шамамен 9%-ы тиесілі.

Қазақстанда құрылыс – экономиканың ең маңызды секторларының бірі. ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша құрылыс саласының жалпы қосылған құны 3,9 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты мәнінде 15,2%-ға өсті. ЖІӨ құрылымындағы құрылыстың үлес салмағы бір жыл бұрынғы 5,2%-бен салыстырғанда 5,5%-ды құрады. Бұл ретте саланың ЖІӨ-нің жалпы өсіміне қосқан үлесі 0,79 пайыздық тармаққа жетті.

Елдің экономикалық дамуы үшін құрылыстың маңыздылығын ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтіп, Қазақстанды «үлкен бір құрылыс алаңына» айналдыруға шақырды және нысандар неғұрлым көп салынса, ел соғұрлым қарқынды дамитынын баса айтты.

Осылайша, құрылыстың экономика үшін маңызы бірден бірнеше көрсеткішпен айқындалады. Олардың қатарында жобаларды іске асыру барысында тікелей қосылған құн мен жұмыс орындарын ашу ғана емес, сонымен қатар салынған нысандарды — әсіресе іскерлік, тұрғын үй, сауда, қонақ үй және қоғамдық инфрақұрылымды біріктіретін ірі көпфункционалды кешендерді пайдаланудан келетін ұзақ мерзімді тиімділік те бар.

Халықаралық тәжірибе: ірі көпфункционалды кешендердің экономикалық тиімділігі

Ірі көпфункционалды кешендер аумақтардың экономикалық дамуына айтарлықтай ықпал етеді. Құрылысқа тікелей инвестиция тартумен қатар, олар еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналады, компаниялар мен келушілерді тартады, коммерциялық және тұрғын үй мүлкіне сұранысты арттырады, іскерлік және мәдени ортаны қалыптастырып, салық түсімдерін арттырады және т. б.

Экономикалық тиімділікті сандық бағалауға болатын бірқатар халықаралық жобаларды қарастырайық.

Alatau City-дегі Iconic Complex: Қазақстанның жаңа экономикалық белсенділік орталығының қалыптасуы

Халықаралық мысалдардан айқын көрініп отырғандай, көпфункционалды ірі кешендер қалалар мен жекелеген аумақтардың экономикасына айтарлықтай ықпал ете алады. Мәселен, жоба толық аяқталғаннан кейін Hudson Yards-тың Нью-Йорк экономикасына жыл сайынғы қосатын үлесі шамамен 19 млрд АҚШ доллары, ал тұрақты жұмыс орындарының саны 55,8 мың болады деп бағаланған. Лондондағы King’s Cross-та он жыл ішінде жұмыс орындарының саны үш еседен астам өсті, ал тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 2011 жылдан 2021 жылға дейін 112%-ға қымбаттады. Бүгінде Canary Wharf-та күн сайын 120 мыңнан астам адам жұмыс істейді, ал ICC Sydney 2025 қаржы жылында ғана іс-шараға қатысушылардың Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының экономикасына 746 млн Аустралия доллары көлемінде қаражат жұмсауын қамтамасыз еткен.

Қазақстанда өзінің көпфункционалды тұжырымдамасы жағынан осыған ұқсас жобаны жаңа Алатау қаласында іске асыру жоспарланып отыр. Бұл ретте сөз іргетасы қаланып жатқан болашақтың қаласы — Alatau City-дің негізгі нысандарының біріне айналуы тиіс Iconic Complex жайында қозғалып отыр.

Iconic Complex — офис, қонақүй, тұрғын үй, сауда және қоғамдық инфрақұрылымды тоғыстыратын ауқымды көпфункционалды жоба. Жобаға сай кешеннің жалпы ауданы 292 мың шаршы метрден асады, оның ішінде жерүсті бөлігі шамамен 227 мың шаршы метрді құрайды. Құрылысқа 12,6 гектар жер телімі бөлінген.

Кешеннің орталық сәулет элементі — А класты офистерді, бес жұлдызды қонақүйді және премиум-апартаменттерді біріктіретін биіктігі 272 метрлік 53 қабатты T2 мұнарасы болмақ. Бұдан бөлек, жобада биіктігі 78 метрлік жеке тұрғын үй мұнарасы, корпоративтік штаб-пәтерлерге арналған алты аз қабатты офистік ғимарат, дүкендері, мейрамханалары мен ойын-сауық кеңістіктері бар сауда кешені, сондай-ақ көгалдандырылған орталық алаң қарастырылған.

Жобалық есептеулер бойынша бас мұнарадағы офистердің жалға берілетін ауданы 37 мың шаршы метрден асады, ал аз қабатты офистік ғимараттарда шамамен 27 мың шаршы метрді құрайды. Сауда үй-жайларының ауданы 24 мың шаршы метрге жуықтайды. Келушілер, қызметкерлер мен тұрғындар үшін 2 мыңнан астам көлік тұрағы қарастырылған, ал кешен аумағының төрттен бір бөлігін жасыл желек алады.

Нысанды Alatau City-дің болашақ көлік жүйесімен біріктіруге ерекше назар аударылған: кешеннің сауда және қоғамдық бөліктері жеңіл рельсті көлік пен экспресс-пойыздардың жоспарланған желілерін ескере отырып жобаланған. Сәулет тұжырымдамасы Іле Алатауының табиғи пішіндерінен шабыт алған, ал биік ғимараттардың жобасында сейсмикалық төзімді құрылыстың заманауи технологияларын қолдану қарастырылған.

Осылайша, Iconic Complex жай ғана жекелеген жылжымайтын мүлік нысаны ретінде емес, Alatau City-дің жаңа іскерлік ауданын қалыптастыратын негізгі элементтердің бірі ретінде қарастырылады. Корпоративтік офистердің, қонақүй инфрақұрылымының, тұрғын үйдің, сауда мен қоғамдық кеңістіктердің үйлесуі бизнесті шоғырландыруға, қызметтерге тұрақты сұранысты қалыптастыруға және коммерциялық белсенділікті арттыруға алғышарттар жасайды. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дәл осындай көпфункционалды жобалар жаңа қалалық аумақтардың экономикалық дамуының маңызды қозғаушы күшіне айналуы мүмкін.

«Ауқымды құрылыстың» экономикалық тиімділігі

Жалпы алғанда, ірі нысанның экономикалық тиімділігі екі негізгі кезеңнен құралатынын атап өтуге болады. Әрине, нысанның түрі мен мақсатына қарай мұндай жобаның әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері болады, десек те, олардың барлығына қатысты ортақ факторлар да бар.

Бірінші кезең — құрылыс

• құрылыс саласының өзіндегі қосылған құн және алаңда ашылатын жұмыс орындары;

• цемент, металл, шыны, инженерлік және геологиялық жабдық сияқты сабақтас сала өнімдеріне, сондай-ақ көлік, жобалау, қаржы және заң қызметтеріне, IT мен өзге де салаларға деген сұраныс.

Мұндағы басты назар аударарлық жайт — тапсырыстар тізбегі екінші және үшінші деңгейдегі жеткізушілерге дейін жетеді, құрылыстың мультипликативті әсері жоғары сала саналуының сыры да осында. Оның үстіне, әдеттен тыс өте ауқымды тірек нысанды тұрғызудың өзі көп жағдайда құрылыс барысында да, одан кейін пайдалану кезінде де, тіпті оған дейінгі аумақты дайындау сатысында мүлдем жаңа тәсілдер мен технологияларды қажет етеді. Яғни, ғылыми ізденіс құрылыс басталмас бұрын қолға алынып, барлық кезеңде жалғасады. Мәселен, әйгілі «Бурдж-Халифа» үшін бетонның және қайталанбас полимер шайырлардың мүлдем жаңа түрлері жасап шығарылды, ал бұл — «ауқымды құрылыстың» арқасында әлемге енген инновациялық технологиялардың бір бөлігі ғана.

Екінші кезең — пайдалану

• офистерде, қонақүйлерде, сауда және қызмет көрсету саласында тұрақты жұмыс орындарының ашулыу;

• ондаған жылдар бойы төленетін жалдау, салық және коммуналдық төлемдер;

• орналасу тиімділігі — бір-біріне жақын жұмыс істеу тиімді болатын компаниялардың шоғырлануы, айналасындағы тұрғын үйлер мен қызметтерге сұраныстың артуы, іскерлік және мәдени іс-шаралар.

Дәл осы екінші кезең қалалардың ірі көпфункционалды жобалар үшін неліктен бәсекеге түсетінін түсіндіреді: офистер, тұрғын үйлер, қонақүйлер, сауда алаңдары мен қоғамдық кеңістіктерді тоғыстырған нысан құрылыс аяқталғаннан кейін де экономикалық белсенділікті ынталандырады.

Бұдан бөлек, ауқымы мен функцияларындағы айырмашылықтарға қарамастан, ірі жобалардың әдетте ғимаратты экономикалық өсімнің қайнар көзіне айналдыратын ортақ белгілері болады.

Атап өтерлігі: жоғарыда айтылғандарды негізге алатын болсақ, Алатауға қатысты Iconic Complex құрылысының, ең алдымен, елдің стратегиялық маңызды жеріндегі жаңа іскерлік орталықты қалыптастыру тұрғысынан экономикалық мәні бар. Қала Қазақстанның ірі іскерлік және тұтынушылық нарығы — Алматыға өте жақын, елімізді Қытаймен және Еуразияның басқа да нарықтарымен байланыстыратын көлік дәліздерінің тоғысқан жерінде орналасқан. Бұл ретте Алатаудың бас жоспары халықаралық бизнесті, логистиканы, сауда мен туризмді дамытуды көздейді, демек, офистік, қонақүй, коммерциялық және қоғамдық кеңістіктерге деген сұраныс пайда болады. Осылайша, Iconic Complex айналасында жаңа экономикалық тартылыс қалыптасатын тірек нысанға айналады.

Бір қызығы, тіпті көлемі жағынан ірі сауда-ойын-сауық орталығы да жай ғана сауда жасайтын орын болып қоймай, тұрғындарға да, айналадағы аумақтарға да ықпал етіп, әлеуметтік өзара іс-әрекет шоғырланған орталыққа айналады. Бұл қазақстандықтарға да таныс жағдай: Mega СОО желісін немесе әйгілі «Хан Шатырды» есімізге түсірейік.

Зерттеулер көрсетіп отырғандай, бұл әсер шынымен бар және ол нақты цифрлармен дәлелденген. Мәселен, Колумбияның Медельин қаласындағы Instituto Tecnológico Metropolitano сарапшылары сауда орталығынан 500 метр қашықтықта орналасқан тұрғын үйлердің құны 3,59%-дан 7,39%-ға дейін қымбатырақ тұратынын анықтады. Нидерландтағы Гронинген университетінің ғалымдары да осындай тұжырымға келді: олар заманауи стандарттар бойынша реновация мен реконструкциядан өткен 273 ірі сауда орталығын зерттей келе, бұл жағдай көршілес тұрғын үйлердің құнын 1,43%-ға өсіретінін атап көрсетті.

Осылайша, ірі көпфункционалды кешендер мен айтулы сәулет нысандарын салу жобаны іске асыру кезеңінде де, ол аяқталғаннан кейін де экономикалық дамудың маңызды қозғаушы күшіне айналады. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндай нысандардың ықпалы көбінесе ғимараттың шегінен әлдеқайда асып түсіп, қала мен ел деңгейіндегі даму факторларының біріне айналады.